Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

Блок-бекетте қос әріптесін ажал құштырған экс-полицейге қатысты сот үкімі шықты

10 жылға сотталған экс-полицейден 67 млн теңгеге жуық ақша өндіріледі.

Блок-бекетте қос әріптесін ажал құштырған экс-полицейге қатысты сот үкімі шықты
Фото: azattyq ruhy

Бүгін Қарасай аудандық соты 26 жастағы Азат Азаматовты ҚР Қылмыстық кодексі 345-бабының 1-тармағы бойынша кінәлі деп тауып, 10 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды, деп хабарлады paryz.kz.

Одан бөлек, жазасын орташа қауіпсіздік деңгейдегі мекемеде өтейтін айыпталушы атышулы апат салдарынан қайтыс болған қос полицей – Жарас Жанғазиев пен Дастан Әбдіқановтың жақындарына материалдық және моральдық өтемақы төлеуге, сондай-ақ, оқиғадан зардап шеккен тағы бір тәртіп сақшысына өтемақы төлеуге міндеттелді.

Азат Азаматовтың мемлекетке келтірген шығынының өзі 6 млн теңгеден асып кеткен. Жол апаты кезінде №4 блок-бекетте тұрған жол-патрульдік полициясына тиесілі қызметтік көлік те зақымданды.

"Алматы қаласы Полиция департаментінің талап арызы қанағаттандырылсын. А.Азаматовтан мемлекеттің пайдасына 5 млн 451 мың 507 теңге көлемінде материалдық шығын өндірілсін. Азаматтық талап бойынша, Айда Жетпісбаеваның арызы қанағаттандырылсын. Азат Талғатұлынан  Жетпісбаеваның пайдасына 15 млн 802 мың 405 теңге көлемінде және кәмелеттік жасқа толмаған балалардың асыраушысы қайтыс болғаны үшін 5 млн теңге көлемінде моральдық өтемақы төленсін. Аман Динара Қанатқызының пайдасына 36 млн 600 мың 551 теңге және кәмелеттік жасқа толмаған баласының асыраушысы қайтыс болғанына байланысты 1 млн теңге моральдық шығын өндірілсін. Жәбірленуші Маратжан Әбдіханұлының арызы қанағаттандырылып, Азат Азаматовтан 2 млн 825 мың 369 теңге материалдық шығын және 1 млн теңге моральдық өтемақы өндірілсін. Мемлекеттің пайдасына Азат Талғатұлынан 611 мың 675 теңге көлемінде шығын өндірілсін", - деп үкім кесті Қарасай аудандық сотының судьясы Мәди Көшікбаев.

Алматы қаласы ПД бұрынғы қызметкері Азат Азаматовтан шамамен 67 млн теңгеге жуық ақша өндірілетін болды. Сондай-ақ, 10 жылға сотталған экс-полицей өмір бойына көлік жүргізу құқығынан да айырылды.

Еске сала кетейік, 25 мамыр күні Алматы облысы Қарасай ауданындағы Көксай шағынауданына қойылған блок-бекетте жол-көлік оқиғасы тіркелді. Полицияның мәліметінше, BMW көлігін тізгіндеген Азат Азаматов алдымен бетон қоршауына соғылып, артынша полиция қызметкерлері отырған патрульдік автокөлікті қаққан. Тәртіп сақшыларының бірі оқиға орнында, бірі ауруханада көз жұмды. Сондай-ақ, тағы бір полицей зардап шекті.