Прямая трансляция

Астана

Астана

-5.03°C

Әкім Әйтенов бастауыш сыныпқа шахмат ойнауды неге міндеттеуі керек?

Сонда онсыз да сыннан көз аша алмай отырған Әйтенов бастауыш сынып оқушыларына шахмат ойнауды ұсынып қана қоймай, орынбасары айтқандай "міндетті сабақ" ететіндей, қайдан шыққан дәу?!

Әкім Әйтенов бастауыш сыныпқа шахмат ойнауды неге міндеттеуі керек?
фото: facebook.com

Бүгін Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан Facebook-тегі парақшасына жергілікті журналист Балтабек Түйетайдың "Интеллектуалды ұлт" жобасы аясында арқылы дойбы, шахмат, тоғызқұмалақ сабақтарын ашуды қолға алғанын жазды.

Әкімнің журналист орынбасарының айтуынша, оның әріптесінің әлгі бастамасы әкімдік тарапынан қолдау тапқан екен. Жай ғана қолдау таппаған, тіпті, мектеп оқушыларына "үйренсең де үйренесің, үйренбесең де үйренесің" дегендей міндеттелген көрінеді.

"Қала әкімі Мұрат Әйтеновтің ұсынысымен, Шымкент қаласындағы МЕКТЕПТЕРДІҢ БАСТАУЫШ СЫНЫПТАРЫНА аптасына бір сабақ ШАХМАТ ЕНГІЗІЛДІ. Бұл қосымша сабақ емес, міндетті сабақ", - деп "астын сызып тұрып" атап өтті Шыңғыс Мұқан.

"Енді гроссмейстерлер лег-легімен Шымкенттен шығып жатса, таңғалмаңыз", - деді ол одан әрі. "Міндеттелген сабақ мінсіз болмас" деген сенімге иек артып алды ғой деймін, сірә.

Сонда онсыз да сыннан көз аша алмай отырған Әйтенов бастауыш сынып оқушыларына шахмат ойнауды ұсынып қана қоймай, орынбасары айтқандай "міндетті сабақ" ететіндей, қайдан шыққан дәу?! Ертең оның орнына келген келесі әкім діндар болса, "Әйтенов те сөйтті ғой" деп оқушыларға хиджаб киюді немесе қала ішінен намазханалар ашуды міндеттесе не болады? Қазір біздің шенеуніктердің көбінің мамандығы инженер ғой, сондай біреу Шымкентке әкім болып келіп, ол да Әйтеновтен алған "өнегесі" бойынша, мектепке құрал-сайманмен жұмыс істеуді міндетті сабақ етсе ше?

Жалпы, Шыңғыс Мұқанға "Бұл қосымша сабақ емес, міндетті сабақ" деп саусақ шошайтатындай құқықты кім беріп қойыпты?! Мысалы, ол оқушылар шахмат ойнағаннан гөрі, доп тепкісі келетін шығар? Арасында ләңгі ойнағысы келетіндердің көп болуы да әбден мүмкін ғой? Шахмат, дойбы дегендерді жаны сүймейтін болып шықса, қайтпек керек? Соның бәрін еркінен тыс міндеттей бере ме, бұл билік?..

Ел тізгінін ұстап отырған азаматтарға аңдамай сөйлеу де үлкен сын негізі.

Ердәулет СЕРІК