Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

"Ұйқыңды қандырсаң болды емес пе?": мәжілісмендер індеттің екінші толқынына дайын екен

"Үкімет үшін емес, өзім үшін жауап берейін, дайынмын мен! Өлсек, өлерміз. Тірі қалсақ, тірі қалармыз. Құдайдың жазғаны болады", - деді Бекболат Тілеухан.

"Ұйқыңды қандырсаң болды емес пе?": мәжілісмендер індеттің екінші толқынына дайын екен
фото: youtube.com

Бүгіннен бастап Қазақстандағы коронавирус жұқтырғандардың саны артқан көптеген қалада карантин шаралары күшейді. Осылайша қауіптің артқаны айтыла бастағаннан-ақ, Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой "елде пандемияның екінші толқыны басталуы мүмкін" екенін ескертті. Соған байланысты, Азаттық радиосы Мәжіліс депутаттарынан "Билік екінші толқынға дайын ба?" деп сұрап көрген екен, деп хабарлады paryz.kz.

Мәжіліс ғимаратының алдында тұрып, тілші сұрағына бір-екі ауыз жауап берген депутат Фахриддин Қаратаев Үкіметті екінші толқынға толыққанды дайын деп айта алмайтынын жеткізді.

"Бірінші толқында көп нәрселерін көрдік қой. Сондықтан екінші толқынға дайындығы жақсы деп айтуға да ерте. Бірақ, енді уақыт көрсетеді", - деді ол.

Ал жұмыстан тысқа шығып, журналиспен жүре сөйлескен Бекболат Тілеухан Үкіметті қайдам, коронавирустың екінші толқынына өзінің дайын екенін бір-ақ айтты.

"Мен дайынмын, әйтеуір. Үкімет үшін емес, өзім үшін жауап берейін, дайынмын мен! Өлсек, өлерміз. Тірі қалсақ, тірі қалармыз. Құдайдың жазғаны болады. Дайын болғанда, енді маскаңды тақсаң, тиыш жүрсең, ұйқыңды қандырсаң болды емес пе?", - деді Бекең.

Олардың әріптесі Қуаныш Сұлтанов тіпті асығыс екен. Жолынан қатты қалып бара жатқанға ұқсайды. Диалогты қараңыз:

– Айналайын, мен жол-жөнекей еш нәрсе айтпаймын.

– Тоқтап айтып бересіз бе?

– Жоқ, жоқ. Уақытым жоқ, уақытым жоқ.

– Бір ғана сұрақ. Бір минут уақыт бөлсеңіз...

– Жоқ, қалқам! Олай болмайды. Жақсы!

Ал Майра Айсина денсаулық саласына қыруар қаржы бөлініп жатқандықтан, қорқатын ештеңе жоқ деп санаса, Амангелді Дәуренбаев: "Бірінші адам өзі дайын болуы керек қой. Мен дайын болуым керек. Сіз дайын болуыңыз керек. Мына түсіріп тұрған опреатор дайын болуы керек...", - деп жауабын қысқаша қайыра салды.