Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

"5 миллиард теңге ұрлады": 54 жасында АҚШ-та оқуға құштар бола қалған Сағадиев айыпталып жатыр

Таяуда Алматыдағы Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің экс-ректоры мен бухгалтері де 1,7 миллиард теңге жымқырды деп айыпталып, 8 жылға сотталды. Бұл жоғарғы оқу орны – Сағадиевтердің отбасылық бизнесі.

"5 миллиард теңге ұрлады": 54 жасында АҚШ-та оқуға құштар бола қалған Сағадиев айыпталып жатыр
фото: turkystan.kz

Елордалық адвокат Әкім Адай өзі мүддесін қорғайтын экс-министр Ерлан Сағадиевтің АҚШ-қа кете алмай жүргенін Facebook-тегі парақшасына жариялады. Бұл туралы "Время" газеті "Американская мечта" деген тақырыппен мақала шығарған болатын, деп хабарлады arasha.kz.

"Қызметін асыра пайдаланды" деген Білім және ғылым министрлігінің лауазымды тұлғаларын тексеріп жатқан Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің тергеушілері оған шекара асуға тыйым салыпты. Құқық қорғау органдары бұл істе Сағадиевтен куәгер ретінде жауап алып жүрген көрінеді. Осыдан кейін Әкім Адай экс-министрге қойылған шектеуді алу үшін тергеу сотына жүгінген.

Адвокат "Сағадиевке шұғыл түрде АҚШ-тағы оқуын жалғастыру қажет" деген себепті алға тартуда. Судья Талғат Ақшабаев қорғаушының талабын қанағаттандырып, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке құжатты шекара қызметіне жөнелтуді міндеттеді. Ерлан Кенжеғалиұлы елден кету үшін неге шу шығарып, әлеуметтік желілерге жар салды? Жасы 54-ке келген бұрынғы шенеунік неге білімге құштар бола қалған? Шетелге кетуге неге соншалықты асықты? Қазір желі пайдаланушылары мен қоғам белсенділері осы сауалдарды қызу талқылап жатыр.

Бүгінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің цифрландыруға бөлінген қыруар қаражаттың жоғалуына байланысты істі тексеріп жатқаны белгілі. Білім және ғылым вице-министріне "5 миллиард теңге ұрлады" деген айып тағылған. Бұл тұста қазынаның қомақты қаржысы игерілгенде, Сағадиев неге бақылау жасамаған деген сұрақ туындайды. Сонымен бірге, таяуда Алматыдағы Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің экс-ректоры мен бухгалтері де 1,7 миллиард теңге жымқырды деп айыпталып, 8 жылға сотталды. Бұл жоғарғы оқу орны – Сағадиевтердің отбасылық бизнесі.

Ерлан Кенжеғалиұлы мемлекеттік қызметке бармай тұрып университетті 2009-2012 жылдары басқарған. Бұрынғы ректор мен бухгалтер Білім және ғылым министрлігінің мемлекеттік грантқа бөлетін қаражатын қымқырып, қымбат үйлер, автокөліктер, фирмалар сатып алған. Ең қызығы, бұл қылмыстардың барлығы Ерлан Кенжеғалиұлы ведомствоны басқарып тұрған кезде жасалған екен. Шекара асып, АҚШ-қа кеткелі жүрген экс-министрдің бұрынғы істеріне қатысты күдік көбейіп барады.