Орал қаласында «Жас жол қозғалысы инспекторларының» слеті өтті. Слет қорытындысында Дінмұхамед Қонаев атындағы №44 мектеп-гимназияның «Бағдаршам» командасы» жүлделі І орынды иеленіп, облыстық байқауға жолдама алды.
Жол қозғалысының жас инспекторлары Оралдағы әр мектепте жұмыс жасайды. Негізгі міндеттері – балалар мен жасөспірімдер арасында жол қозғалысы ережелерін насихаттау, жолдарда балалардың жарақаттануының алдын алу. Осы ретте қозғалыс мүшелері инспекторлармен бірге төменгі сынып оқушыларына жол ережелерін түсіндіруге жұмылдырылып, әлеуметтік роликтар дайындау, тәрбиелік шаралар ұйымдастырып келеді.
Салтанатты шарада қала әкімінің орынбасары Ерлан Ғалиев жас буынға жол қозғалысы ережелерін үйретуде мектептерді жол қозғалысы жас инспекторларының маңыздылығын атап өтті.
– Балалардың алатын жарақаттарының алдын алуды жүзеге асырудың жарқын мысалы – оқушылардың ерікті бірлестіктері. Мұндай қауымдастықтар балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмыстарын жетілдіру, олардың жоғары көлік мәдениетін тәрбиелеу, ұйымшылдығын қалыптастыру, кіші және орта жастағы балалардың жолда жүру ережелерін меңгеруіне көмектесу мен көшеде өзін-өзі ұстау қағидаларын үйретуде тиісінше белсенді жұмыс атқарып келеді, – деді Ерлан Ерсайынұлы.
Балалар мен жасөспірімдердің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу жұмысын жетілдіру, балалардың жол-көлік жарақатын болдырмау мәселелеріне мүдделі мекемелердің, ұйымдардың, қоғам өкілдерінің назарын аудару мақсатындағы биылғы слетке қала мектептерінің 7-8 сынып оқушыларынан құралған 42 қоманда қатысты. Слетті өткізуде «Шелл Казахстан», «Эни», «EASST» және жергілікті серіктесі «Гауһар жолы» қоғамдық бірлестігі қолдау көрсеткенін атап өткен жөн.
Қатысушы командалар бес кезеңді сайыста бақ сынады. «Дайын бол» саптық дайындық байқауы, «Абайлаңыз, велосипедші» жол қозғалысы ережелері бойынша велосипедшілердің интерактивті байқауынан өтіп, «Жол қозғалысы ережелерінің білгірлері» кезеңінде жаяу жүргінші мен велосипедшінің жол қозғалысы ережелері бойынша тест тапсырды. Сонымен қатар команда капитандары «Жол білгірлері» сайысынан өтті. «Біз болмасақ, кім?» тақырыбында түсірген әлеуметтік эксперименттер роликтары да қазылар алқасының лайықты бағасын алды.
Нәтижесінде Д.Қонаев атындағы №44 мектеп-гимназиясының «Бағдаршам» командасы слетінің жүлделі І орынды иеленді. ІІ орын №12 орта мектептің«Арлан» командасы мен №30 орта тектептің «Сұңқар» командасына бұйырды. ІІІ орынды №40 орта мектептің «Жол-дос» командасы, №1 орта мектептің «Жол сақшысы» командасы және №3 орта мектептің командасы алды.
Сонымен қатар «Үздік саптық дайындық», «Үздік велосипедші», «Жол ережесінің үздік білгірлері», «Үздік білгір капитан», «Үздік әлеуметтік эксперименттер ролигі» номинациялары бойынша марапаттар ұсынылды.
Томирис СҰЛТАН