Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

Қырғыз президенті: "Қызметтен кетуге дайынмын"

Сооронбай Жээнбеков елдегі құқықтық жағдайды қалпына келтіріп, Қырғыз Республикасы басшылығындағы болып жатқан өзгерістерді бейбіт жолмен заңдастыруға шақырды.
 

Қырғыз президенті: "Қызметтен кетуге дайынмын"
Фото: ru.sputnik.kg

Қырғыз Республикасының президенті Сооронбай Жээнбеков кеше түнде республика халқына тағы бір үндеу жасады.

Жээнбеков отандастарына жүгініп, елдегі саяси ахуалдың күрделі деңгейге жеткенін мәлімдеді және оны шешудің қадамдарын атады.

Парламенттік сайлауды қайта өткізу

"Жогорку Кенешке сайлаудың нәтижелері жойылды. Енді жаңа парламенттік сайлау тағайындалуы керек. Бұл мәселе бойынша шешімді Орталық сайлау комиссиясы қабылдайды. Бұл шаралар қазіргі саяси шиеленісті азайтады", – деді Жээнбеков.

Қырғыз басшысы дағдарысқа дейін жұмыс істеген премьер-министр мен үкімет мүшелерін қызметінен босату қажеттігін атап өтті.

"Бұл жаңа тағайындаулардың құқықтық негізін жасайды", – деді ол.

Жаңа премьер-министр мен үкімет мүшелерін тағайындауды заңдастыру үшін Жогорку Кенештің қаулысы мен президенттің жарлығы қажет.

"Мен тиісті жарлыққа қол қоюға дайынмын және Жогорку Кенештің қаулысын күтемін", – деді Жээнбеков.

Парламентарийлер өз міндеттерін орындауы үшін құқық қорғау органдары Жогорку Кенеш депутаттарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуі керек, деп атап өтті мемлекет басшысы.

"Құрметті отандастар, мен бұған дейін айтқанымдай, жүргізіліп жатқан кадрлық өзгерістерді заңдастыруға ниеттімін. Мен үшін ешқандай ұстаным мемлекеттің тұтастығынан, халықтың бірлігі мен қоғамның тыныштығынан жоғары емес", – деді Жээнбеков.

Ол қазіргі жағдайды тез арада заңды арнаға қайтару қажет екенін баса айтты.

"Атқарушы билік органдарының заңды басшылары бекітіліп, ел заңдылық жолға түскен соң, Қырғыз Республикасының президенті қызметінен кетуге дайынмын", – деп атап өтті Қырғызстан басшысы.

Ол барлық саяси күштерді елдегі бейбітшілік пен тыныштықты сақтауға, халықты бөлуге және қоғамды екіге жармауға шақырды.

"Құдай Тағала барлық саяси күштерге даналық пен сабыр берсін!" – деп түйіндеді Жээнбеков.