Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

Атыраулық азамат үйін көне бұйымдар музейіне айналдыра бастады (ФОТО)

"Қазір музейді өткен ғасырдың 60-70-жылдарындағы бұйымдармен толықтырып жатырмын. Кейбір жәдігерлердің жүз жылдық тарихы бар", -дейді зейнеткер.

Атыраулық азамат үйін көне бұйымдар музейіне айналдыра бастады (ФОТО)

Атырау облысының Құрманғазы ауданында тұратын Ғалымжан Мұқашев өз үйінде көне бұйымдар музейін ашты, деп хабарлады ҚазАқпарат.Есепші болып жұмыс істеп, зейнетке шыққан Ғалымжан Мұқашев тарихи жәдігерлерді жинауға бала кезінен әуестенген. Алдымен тігіншілігімен танымал болған анасы Молқұйма Құспанғалиеваның аяқпен қозғалысқа келтірілетін ұршығын далаға тастағысы келмеген. Сөйтіп, анасы тұтынған бұйымдарды көненің көзіндей сақтауды жөн көрген. Кейін соғыс ардагері, ішкі істер саласының үздігі атанған әкесі Батырғали Мұқашевтың тұтынған бұйымдарын жинақтауды қолға алған.

"Осылайша, үйімде музей жасақтала бастағанын байқамай қалдым. Кейін музей қорын ауыл азаматтарының бұйымдарымен толықтырдым. Қазір музейді өткен ғасырдың 60-70-жылдарындағы бұйымдармен толықтырып жатырмын. Кейбір жәдігерлердің жүз жылдық тарихы бар. Музейге білте шам, үтік, құман секілді тұрмыстық бұйымдарды да жинадым", -дейді зейнеткер Ғалымжан Мұқашев.

Оның жеке музейінде диірменнің тасы да тұр. Теледидар мен радио­қабылдағыштың, музыкалық аспаптардың бірнеше түрі бар. Тәуелсіздікпен бірге айналымға енген теңгенің алғашқы нұсқалары да осы музейден табылады.

"Ән жазылған пластинканы айналдыратын ескі патефонды табу қиын ғой. Іс тігетін машинка, радионың бірнеше түрі – көне жәдігер. Кейбірін ағайын-туыстардан, достарымнан сұрап алдым. Белгілі қаламгер Рахмет Иманғалиевтің жазу машинкасын балалары тапсырды. Идаят Қуанғалиев деген көршімнің транзисторын ағаның көзіндей сақтап отырмын", - дейді ол.

Ғалымжан Мұқашев қолы босаған сәтте өзі жасақтаған шағын музейдегі көне бұйымдарды қалпына келтіріп, кейбірін өңдейді. Сол себептен болар, елу жыл бұрынғы патефондар, радио-транзисторлар әлі күнге дейін жұмыс істейді. Мыс пен жезден, ағаштан жасалған көне бұйым, әсіресе, телефон мен фотоаппараттың алуан түрі тізіліп тұр. Болашақта музейді кеңейтіп, жұртшылыққа таныстыруды мақсат етіп отыр. Кейбір жәдігердің тұсына шыққан жылын, атауын жазып қоюды қолға алмақ.