SHYMKENT JASTAR LIGASY: Шахматшылар сайысы мәресіне жетті

Шымкент қаласында мектеп оқушылары арасында SHYMKENT JASTAR LIGASY атты бірегей спорттық жарыс ұйымдастырылғаны белгілі. Онда спорттың төрт түрі, атап айтқанда, волейбол, баскетбол, шағын футбол және шахмат бойынша біріншілік өтіп, қаладағы 151 орта мектептен 514 команда бақ сынады. Жалпы, жарыстарға 6 мыңға жуық оқушы қатысқан. 

SHYMKENT JASTAR LIGASY: Шахматшылар сайысы мәресіне жетті
Фото: Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы

Шымкент қаласының әкімі М.Әйтеновтің бастамасы бойынша ұйымдастырылып, бүкіл оқу жылы бойына жалғасқан лига ойындарында бүгін шахмат бәсекелері мәресіне жетті. 
Орталық саябақта өткен шахмат бәсекесінің финалдық кезеңіне 130 мектептің арасынан суырылып шыққан 16 команда қатысты. 

Шымкент жастар лигасы – жастардың уақытын тиімді ұйымдастыруға, олардың спортқа деген қызығушылығын арттыруға септігін тигізген және жас жеткіншектерді салауатты өмір салтына баулыған керемет жобаға айналып отыр. Бүгін Шымкенттің ең ақылды, ең алғыр балалары шахмат жарыстарының финалдық кезеңінде бас қосты. Шахмат – спорттың бекзат түрі. Ол адамның ойлау қабілетін дамытады. Шымкент жастар лигасында жылдан жылға бәсекелестік артып келеді. Финалдық кезеңнің жеңімпаздары бағалы сыйлықтармен марапатталады, – деді финалдық кезеңінің ашылу рәсімінде сөз сөйлеген Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан.

Айта кетейік, шахматшылар сайысында Шымкенттегі Ө.Жолдасбеков атындағы №9 ІТ мектеп-лицейінің оқушыларынан құралған команда жеңімпаз атанды.

Ал, Ы.Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназияның оқушылары - екінші, Т.Тәжібаев атындағы №47 мектеп-гимназия шәкірттері үшінші орынды иеленді.

«Шымкент жастар лигасы» жобасы 2021 жылдың 23 қазан күні басталған болатын. Сайыс 2022 жылдың 1 маусым күні аяқталады деп жоспарлануда.

Дөреккөз: Фото: Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы.