Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

Мұхамедиұлы Мұхамеджанды ғарышқа алып ұшпақ (ВИДЕО)

Не әйелін, не бала-шағасын емес, Қайрат Нұртастың әніндегідей етіп, Мұхамеджан Тазабекті «алам да көкке ұшамын» деп отыр! Тым құрыса, сенімді баспасөз хатшысын да ерткісі келмейді екен.

Мұхамедиұлы Мұхамеджанды ғарышқа алып ұшпақ (ВИДЕО)
фото: коллаж

Экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлы Мұхамеджан Тазабектің "Асыл арнасына" сұхбат беріп, оның өзін жер-көкке сыйғызбай мақтай жөнелген, деп жазды paryz.kz.

Мұхамеджан Тазабек бүгін өз арнасында өзін мақтаған сөзді үзінді етіп алып, Facebook-тегі парақшасына жариялады. Қарыз болып қалмайын дегендей, "Мәдениет пен спорттың мәртебесіне қызмет еткен, мемлекетшілдігі мығым, шаруа шешуі шапшаң, жанашыр ағам, қайраткер көкем, сырлас досым – Арыстанбек мырзаның "Асыл арнаға" берген сұхбатынан үзінді..." - деп оның да астына "көпшікті қалыңдатып қоюға" тырысқан. Ыңғайсыз-ақ.

Сонымен, сұхбатта тілші Арыстанбек мырзаға: "Сіз ғарышқа ұшатын болсаңыз, қасыңызға серік қылып кімді алып кеткен болар едіңіз?" - деген "тосын сұрақ" қойды. Арыстекең тосылған жоқ, "Мұхамеджан Тазабек деген азаматты!" - деді бірден. Әне, не әйелін, не бала-шағасын емес, Қайрат Нұртастың әніндегідей етіп, Мұхамеджан Тазабекті "алам да көкке ұшамын" деп отыр! Тым құрыса, сенімді баспасөз хатшысын да ерткісі келмейді екен. Өйткені, оған ғарышта да "бізөкше төпли" сынды тәмсілдер айтып отыратын адам керек сияқты.

"Әңгіме айтып отырсаң, үш сағат қалай өтіп кеткенін білмейсің. Мен айтар едім, Мұхамеджан Тазабек – батырлығы бар азамат деп. Мысалы, 1998 жылы Мұхамеджанды әскерге шақырды. Сонда Республикалық Ұланға өз борышын орындауға келді. Барлығы айтып жатыр, "Сен анау Абайдың, Жамбылдың 150 жылдығында бас жүлдені алып жатсың. Енді бүкіл Қазақстан таңғалып жатыр, "Барып, басшылардан армияға жарамсыз деген билет ала салсаң болады ғой" деп. Шынымен-ақ болады ғой? Жоқ, Мұхамеджан "мен өз парызымды орындауым керек" деді. Сонда келіп, өз әскери парызын орындап шықты. Қазір ондайды іздеп табу қиын. Ал Мұхамеджан атақ-дәрежесіне қарамай, өз міндетін орындап шықты", - дейді Арсыстанбек ағасы.

Демек, ол үшін Мұхамеджан Тазабектің соғысқа емес, бір-екі жыл Ұлттық ұлан қатарында әскери борышын өтеп келуге барғаны да "батырлық" екен. Сұхбат соңында "Асыл арна" Абай өлеңінің:

"Біріңді қазақ бірің дос

Көрмесең, істің бәрі бос", - деген екі жолын зарлаған әуенмен айтып аяқтады. Болды. Арыстанбек те риза, Мұхамеджан да мәз. Әрине, бұл – Мұхамеджан Тазабектің кейінгі кезде өзіне қарсы жасалған шабуылдарға берген жауаптарының бірі ғана. Айтпаса да аңғарылып тұр емес пе?..