Прямая трансляция

Астана

Астана

-3.03°C

ШҚО тұрғыны дүкеннен ұрлаған ақшаны жерге көміп тастаған

Анықталғандай, оған ақша жақында ғана сатып алған көлігі үшін қажет болыпты.

ШҚО тұрғыны дүкеннен ұрлаған ақшаны жерге көміп тастаған
фото: дереккөз

Шығыс Қазақстан облысы Шемонаиха ауданының тұрғыны дүкеннен 400 мың теңгеге жуық ақша ұрлап, оны өз үйінің ауласына жасырып қойған. Полицейлер күдіктіні саусақ іздері арқылы қолға түсірді деп хабарлайды Paryz.kz, облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, 17 мамыр күні таңертең полицияға Шемонаиханың 60 жастағы тұрғыны шағымданған. Ол түнгі уақытта әлдекімнің дүкенінің кілтін алып, есікті бұзып кіріп, 390 400 теңге мен бейнетіркеуішін ұрлап әкеткенін хабарлаған.

Оқиға орнына келген криминалист саусақ іздерін тапқан. Содан кейін тәртіп сақшылары оны базадан тексере бастаған. Саусақ іздері бұрын осыған ұқсас қылмыс жасағаны үшін сотты болған 18 жастағы жергілікті тұрғынның дактилоскопиялық картасымен сәйкес келген. Полиция қызметкерлері оның жеке басын анықтап, күдіктіні қолға түсірген.

Анықталғандай, оған ақша жақында ғана сатып алған көлігі үшін қажет болыпты. Сол себепті дүкенге ұрлыққа түскен. Жас жігіт ойындағысын жүзеге асырған соң ақшаны үйінің ауласына көміп тастаған. Өйткені, ол туыстарына ірі сомадағы ақшаны қайдан алғанын қалай түсіндірерін білмепті. Қазір аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 188-бабымен (Ұрлық) қылмыстық іс қозғалды.

Жігіт кінәсін толық мойындаған. Ұрланған ақшалар тәркіленді.