Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

"Байлаулы тұрған итімді де талап өлтірді": Жамбыл облысында белгісіз жануар тұрғындардың зәресін алуда

Жабық қорадағы 13 бас қой қансыраған күйде табылған.

"Байлаулы тұрған итімді де талап өлтірді": Жамбыл облысында белгісіз жануар тұрғындардың зәресін алуда
Фото: ugra-news.ru

Жамбыл облысында белгісіз жануар бүтін бір ауылдың үрейін ұшырды. 22 сәуір күні түнде жұмбақ жыртқыш бір үйдің 13 бас қойының тамағын орып кеткен. Ол жабайы ит пе, әлде түз тағысы ма, оны әзірге ешкім білмейді деп хабарлады КТК телеарнасына сілтеме жасаған Paryz.kz.

Мұндай жағдай Түрксіб ауылында бұған дейін де болған. Уақ мал түгілі, ірі қараның өзіне шабуыл жасалған. Жабық қорадағы 13 бас қой қансыраған күйде табылған. Бәрін тамақтаған ит пе, ит-құс па, белгісіз. Не болса да жемтігін ермекке өлтірген тәрізді.

"Мына қозы да өліп жатыр, бұны да талаған ғой?", - дейді ауыл тұрғыны.

Бар малының үштен бір бөлігінен айрылған ауыл тұрғыны жыларман күйде. Былтыр да алты бас қойын қырып кеткен. Арам өлген түлік жеуге жарамсыз болғандықтан, оны амалсыз ветеринарларға өткізуге мәжбүр. Белгісіз жыртқыштар ірі қараға да ауыз сала бастапты. Бір апта бұрын ауыл тұрғыны Әсима Айнабекованың құлынын белгісіз жыртқыш талап өлтірген. 

Тұрғындар құлынды қаңғыған иттер өлтірген десе, кейбірі оған сенбейді. Себебі сол белгісіз жыртқыш анау-мынауыңа бой бере бермейтін сиырға да шабуылдаған. Бірақ иесі далаға дер уағында шығып, ірі қарасын қорғап қалған.

"Байлаулы тұрған құнажынымды басып еді, таяқ алып шығып едім, өзіме қарай шапты. Бала-шағамызбен зорға ажыратып алдық. Ертеңінде байлаулы тұрған итімді де талап өлтірді", - дейді Түрксіб ауылының тұрғыны Күләш Көбеева.

Ауылдағы ит аулаушылар көзге түскен жабайы иттің бәрін атып тастады. Небәрі үш сағаттың ішінде 32 итті өлтірген. Десе де ветеринар мамандар төрт түлікке шапқан қаңғыған иттер дегенге сенбейтін тәрізді.

"Қазір бізде жабайы иттер деп дәлелдейтін мәлімет жоқ. Ит тартқанын да білмейміз. Мәселе сонда болып тұр. Өйткені қораға келгенде, көршілердің үйін жағалағанда ешқандай қан басқан итті көрмедік. Атылған иттің терісінде де қан жоқ", - дейді Жамбыл ауданы ветеринария станциясының директоры Сәкен Нұржаубаев. 

Мұны естіген ауыл жұртының бойын үрей биледі. Олар түнде түзге, күндіз көшеде шығудан қалғандарын айтуда. Бұқара билік өкілдерінен жұмбақ жануарды тез арада анықтап көзін жоюды талап етіп отыр. Ал ауыл әкімі көпті сабырға шақырып әлек.

Шенеуніктің сөзінше, болған жағдайға күндіз байлаулы итін түнде босатып жіберетін тұрғындардың өзі кінәлі болуы мүмкін.

"Тұрғындардың өз иті ме деп ойлаймыз. Бақшалары бір-бірімен жанасып тұр, ортасында шарбақ та жоқ. Түнде итін босатып жібереді. Сол иттердің тірлігі ме деп ойлаймыз", - дейді Басағаш ауылының әкімі Бейбіт Нығматуллаев.