Прямая трансляция

Астана

Астана

3°C

Атырауда қаскөй бір ай бұрын танысқан келіншекті балаларының көзінше балтамен ұрған

Оның сөзінше, әйел қазір өте ауыр хәлде ауруханада жатыр.

Атырауда қаскөй бір ай бұрын танысқан келіншекті балаларының көзінше балтамен ұрған
Фото: ашық дереккөз

Атырау тұрғыны бір ай бұрын танысқан әйелдің басынан балтамен ұрып, содан кейін оның үйінде өзіне қол салды. Бұл туралы НеМолчи.kz қоғамдық қорының жетекшісі Дина Таңсәрі хабарлады.

Ер адам мен әйел наурыз айында танысқан. Ол бірден бірге тұруды ұсынады, алайда әйел оған дайын болмаған. Себебі оның 4, 11 және 13 жасар үш қызы бар. Атырау тұрғыны айтқанынан қайтпай, 6 сәуірде келіншекті соққыға жыққан. Бірақ ол полицияға арызданбай, қыр соңынан қалмай қойған ер адамнан қашып тығылып жүреді.

12 сәуірде ер адам куәгерлердің көзінше әйелді көлікке мәжбүрлеп отырғызып, жалдап тұрып жатқан пәтеріне апарған.

"Жалаңаш күйінде видеоға түсіретінін айтып, қорқытып бөлмеге кіргізген. Оның қалауынсыз жыныстық қатынасқа түскен. Содан кейін таксимен үйіне жеткізіп салады. Зорлау әрекеті туралы әйел өзінің әпкесіне кейін жуынып, ішкиімін жуып тастағаннан кейін айтқан", - деп жазды Таңсәрі Facebook-тегі парақшасында.

Келесі күні жәбірленуші күні бойы учаскелік полиция қызметкерін күткен. Таңсәрінің сөзінше, полицей арызды оқиға болған учаскеде жазу керек деп арыз қабылдаудан бас тартқан.

14 сәуірде әйел Атырау қаласының полиция басқармасына барады. Алайда тергеуші зорлық әрекеті болмағаны туралы арыз жазуды ұсынған. Оның сөзінше, ер адамнан әйелге енді жақындамау туралы қолхат алған.

Алайда 15 сәуірде ер адам есікті бұзып, үш баласымен бірге тұратын әйелдің үйіне басып кіреді. Балаларының өмірі үшін қорыққан келіншек оны сыртқа шығуға көндірген. Сол сәтте үлкен әпкесі хабарласып қалады. Телефонды әйелдің үлкен қызы алған, содан жәбірленушінің әпкесі бірден учаскелік полицияны шақырады. 

16 сәуірде сот шешімімен ер адам қоғамдық жерде ішімдік ішкені және тіл тигізгені үшін екі күнге қамауға алынады. 17 сәуірде сағат 21:00-де тағы да жәбірленушінің үйін торуылдауға келеді. Оны учаскелік полицей алып кеткен.

"Ол бір айдан астам уақыт соңынан қалмаған. Жәбірленуші жұмысқа, тіпті аулаға шыға алмаған. Әпкелері бізге оның жарақат алуын немесе қайтыс болуын күтіп отыра алмайтынын жазды. 20 сәуірде ол әйнекті сындырып, балкон арқылы үйге кірген. Әйелдің басынан ұрған. Немен ұрғаны әлі белгісіз, қыздарының айтуынша, балтамен ұрған. Содан кейін дәретханаға кіріп, асылып өлген. Атырауда осындай сұмдық болып жатыр"- деп жазды Таңсәрі.

Оның сөзінше, әйел қазір өте ауыр хәлде ауруханада жатыр. Оған ашық бас сүйек-ми жарақаты, бас сүйегінің сынуы, мидың соғылуы, қан құйылу диагнозы қойылған. Әйел әлі есін жиған жоқ.

Қоғам белсендісі ішкі істер министрінен бұл істі жеке бақылауға алуды сұрады.