Қатты жылдамдықпен жүрген көлік баланы соғып, ұшырып жібергені бақылау камерасына түсіп қалған.
Екібастұзда Toyota Land Cruiser көлігін тізгіндеген жүргізуші 15 жастағы мектеп оқушысын қағып кетті, деп хабарлады Екібастұз полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған Paryz.kz.
Видео әлеуметтік желіде жарияланды. Кадрда мектеп оқушысының велосипедпен кетіп бара жатқаны анық көрінеді. Сол сәтте оң жақ қапталдан Toyota Land Cruiser көлігі атып шығады. Жасөспірім соққы алмауға тырысып, солға қарай бұрылғанымен, қашып үлгермеді. Қатты жылдамдықпен жүрген көлік баланы соғып, ұшырып жібергені бақылау камерасына түсіп қалған.
Жол апаты Мұхтар Әуезов көшесінде болған.
"15 сәуірде сағат 15:50 шамасында жол апаты салдарынан денесі көгеріп, сырылған жасөспірім ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлердің тексеруінен кейін ол үйіне жіберілді", – деп хабарлады қалалық полиция бөлімінің баспасөз қызметі.
Құқық қорғау органдары өкілдерінің айтуынша, бұл фактіге қатысты тергеп, тексеру жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, қосымша сараптамалар тағайындалған.