Бұл "Алтын Жебе" арнайы операция күші компоненттерін кешенді тексеру жұмыстары екені хабарланды.
Маңғыстау облысында Ақтау-Жаңаөзен тасжолына әскери ұшақ қонды. Куәгерлер ұшақтың қонған сәтін видеоға түсіріп алған, деп хабарлайды Paryz.kz Lada.kz басылымына сілтеме жасап.
Куәгерлердің айтуынша, полиция қызметкерлері Ақтау-Жаңаөзен тасжолын жауып, жүргізушілерді айналма жолға жіберген.
"Көшелерді жауып тастады. Бізді айналма жолға жіберді. Жаңаөзен-Ақтау тасжолына ұшақ қонды. Кәдімгі жолаушылар ұшағы! Немесе әскери? Иә, әскери ұшақ сияқты", - дейді куәгер.
Қазақстан Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі Ақтау-Жаңаөзен тасжолына әскери ұшақтардың қонуы туралы мәлімет берді.
Бұл "Алтын Жебе" арнайы операция күші компоненттерін кешенді тексеру жұмыстары екені хабарланды.
"Тексеруге Құрлық әскері, Әуе қорғаныс күші және Әскери-теңіз күші бөлімшелері қатысты. Тексерудің соңғы кезеңінде Қарулы Күштер тарихында алғаш рет С-295 әскери ұшағы мен Су-27 жойғыш ұшағы Маңғыстау облысындағы тасжолдың әуеайлақ учаскесіне қонды", - деді министрліктің баспасөз қызметі өкілі.
Шара Құрлық және Әскери-теңіз күштерін қолдауға тартылған Әскери-әуе күші бөлімшелерінің ұтқырлығын арттыру шеңберінде өтті.