Қарағанды облысында жол-көлік апаты салдарынан полиция басқармасы бастығының 53 жастағы орынбасары Бекжан Құсайынов қаза тапты, деп хабарлайды paryz.kz.
Полиция полковнигі Құсайыновтың қаза болғанын өңірлік Полиция департаментінің баспасөз қызметі растады.
Ведомствоның мәліметінше, Бекжан Құсайынов еңбек демалысында болған және өз автокөлігін өзі жүргізіп келе жатқан. Апат Қарқаралы маңында орын алған. Алдын ала болжам бойынша, жүргізуші рөлге ие бола алмай, қатты бұрылыста көлік жолдан шығып, сайға түсіп кеткен. Қаралы хабармен бөлісе отырып, Қарағанды қалалық полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Бекжан Төлеуұлы Құсайынов 53 жасында кенеттен қайтыс болды. Ол 30 жылдан астам өмірін елге қызмет етуге, қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қорғауға арнады, - деп хабарлады Қарағанды облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Бекжан Құсайынов 1992 жылы Қарағанды облысы Қарқаралы аудандық ішкі істер бөлімінің патрульдік-бекеттік қызметі милиционері болып қызмет жолын бастаған.
Қызмет бабында барлық сатылардан өтіп, түрлі жылдары жауапты лауазымдарды атқарған, оның ішінде Қарағанды қалалық полиция басқармасы бастығының орынбасары қызметін де.
Ол әрдайым жоғары кәсіби біліктілігімен, өзіне және әріптестеріне талапшылдығымен, принципшілдігімен, адалдығымен және адамдарға деген құрметімен ерекшеленетін. Полиция полковнигі Құсайынов – нағыз офицер, қызметке адал, антқа берік, шынайы әрі қайырымды жан болды. Қарағанды облысы полиция департаментінің басшылығы, ішкі істер органдары ардагерлер кеңесі және жеке құрам марқұмның туыстары мен жақындарына шын жүректен қайғырып көңіл айтады, - деп қосты ведомство өкілдері.