Алматыда өткен Almaty Half Marathon спорттық шарасында қайғылы оқиға болды. Жартылай марафонға қатысқан екі адам – 84 жастағы Аккоян Рсалиев пен 21 жастағы Нұрбол Ахмади жарыс кезінде көз жұмды, деп хабарлайды ұйымдастырушылардың ресми сайты.
«Маршрут ұзындығы 21,1 шақырымды құрайтын жартылай марафонда бақ сынаған екі азамат та Алматыдағы жүгіру жарыстарына тұрақты түрде қатысып жүрген. Ұйымдастырушылар марқұмдардың отбасы мен жақындарына көңіл айтып, қажетті материалдық көмек көрсетілетінін мәлімдеді», — деді ұйымдастырушылар.
Ресми мәліметке сүйенсек, оқиға орнында барлық қызмет – медициналық, шұғыл және полиция бөлімшелері жедел әрекет еткен. Алайда қабылданған шараларға қарамастан, олардың өмірін аман алып қалу мүмкін болмаған.
Жедел жәрдемнің 2/51 бригадасының дәрігері Алибек Хожаназаровтың айтуынша, Аккоян Рсалиевке жарыстың алғашқы километрінде-ақ әл бермеген.
«Жедел жәрдем бір минут ішінде жетті. Пульс болмады. Барлық реанимациялық шаралар хаттамаға сәйкес жүргізілді. Алдын ала болжам – өкпе артериясының тромбоэмболиясы, артериялық гипертензияның асқынуы», – деді ол.
Ал 21 жастағы Нұрбол Ахмади 16-шақырымда есінен танып қалған. 8/58 бригадасының дәрігері Айгерім Есдәулетованың айтуынша, келгенде пульс пен тыныс жоқ болған, жүрек қызметін қалпына келтіру әрекеттері нәтиже бермеген.
«Алдын ала болжам – өкпе артериясының тромбоэмболиясы, жіті жүрек жеткіліксіздігі», – деді дәрігер.
Қатысушылардың нақты өлім себептері сот-медициналық сараптамадан кейін белгілі болады.
«Батылдық – бірінші қадам» корпоративтік қорының атқарушы директоры Салтанат Қазыбаева қауіпсіздік мәселесі әрқашан басты назарда екенін атап өтті. Оның айтуынша, әр қатысушы тіркелу кезінде өз денсаулығына жауапкершілік алатынын растап, ерікті түрде келісімге қол қояды. Жыл бойы тегін жаттығулар мен қауіпсіз жүгіру бойынша дәрістер ұйымдастырылып, жарыс жолына медициналық көмек көрсету пункттері орналастырылады.