Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданы Британ ауылдық округіндегі Шұбарағаш учаскесінде қамыс пен құрғақ шөп өртеніп жатыр, деп хабарлайды облыстық төтенше жағдайлар департаменті.
Өрт қол жетпейтін батпақты жерде болып жатыр. Тілсіз жауды ТЖМ және орман қызметінің күштері өшіруде.
"Барлығы 85 адам, 15 бірлік техника мен төтенше жағдай саласының 52 қызметкері, 8 бірлік техника жұмылдырылды. Ал орман шаруашылығынан 17 адам, 4 бірлік техника мен 16 адам, 3 бірлік техника өртті өшіріп жатыр", - дейді ведомство.
Өрт орнында қосымша 20 адам, су тасушы, соқа тракторы және жүк тиегіш жүр. Ми-8 тікұшағы әуеде жүр, оның бортында 11 құтқарушы бар. Барлық қажетті құтқару техникасы жұмылдырылған.
Сондай-ақ бортты отынмен қамтамасыз ету үшін жанармай құюшы жолға шықты.
Сондай-ақ өрт сөндіруге төтенше жағдайлар министрлігінің авиациясы жұмылдырылды. "Әуе кемесінің бортында 12 құтқарушы бар. Барлық қажетті жабдықтар жүктелген. Авиацияны пайдалану алыс жерлерге жедел жетуге, ауадан жағдайды барлауға және өрт ошақтарын жедел жоюға мүмкіндік береді", - деді облыстық төтенше жағдайлар департаменті.
Өртті қатты жел ушықтырып тұр, екпіні 19-20 м/с жетеді, дейді өрт сөндірушілер.