Алматы облысында бір топ жігіт уақытша ұстау изоляторынан видео үндеу жолдап араша сұрады. Тергеудегі төрт күдікті қолдарын толықтай тілгілеп тастаған, деп хабарлайды paryz.kz Skifnews.kz-ке сілтеме жасап.
Олар өздерінің қамауда аш жатқандарын, көмектеспесе асылып өлетіндерін айтып, сес көрсетті.
«Іле ауданының уақытша ұстау изоляторында заңсыздық. Аштан жатырмыз. Не істейміз, міне видео үндеу. Келіп тексеріңдер, міне кесіп жатырмыз бәрін, өлеміз асылып», — дейді қамаудағы күдіктінің бірі.
Бір бөлмеде жатқан төртеудің қандай қылмыс жасағандары белгісіз. Бәрі жағдайларының қиын екенін айтып отыр.
«Бізге сіздерден басқа көмектесетін ешкім жоқ, бәрінен сұрап жатырмыз, ешкім ештеңе бермейді. Полицейлер айтқанға мән бермейді мүлдем», — дейді тағы біреуі.
Қамаудағы күдіктілердің қолына тамақ болмаса да, теоефонның қалай түскені белгісіз. Аталған жағдайға қатысты қызметтік тергеу басталды.
«Аталған фактіге байланысты тексеру шаралары жүргізілуде. Бұл ретте мәселе сол күні-ақ жедел шешілді, жағдай бақылауға алынды. Әлеуметтік желіде тараған бейнежазба фактісі бойынша қызметтік тергеу тағайындалды. Кінәлі деп танылғандар қатаң тәртіптік жазаға тартылады», — деп хабарлады Алматы облысы ПД баспасөз қызметі.