Қызылорда қаласының полиция қызметкерлерінің әрекеті көптің ашуына тиді, деп хабарлайды Paryz.kz Elitar.kz-ке сілтеме жасап.
Желіде қала көшелерінің бірінде мопед айдап жүрген жігіттерді ұрып-соғып, көлікке отырғызып жатқан видеосы пайда болды.
Көпшілік "Аямайды бұлар", "Не істеп қойды екен" деген пікірлер жазуда.
Бұл жағдайға қатысты өңірдің полиция департаменті түсініктеме берді.
«2025 жылдың 11 наурызында басқарманың Жедел басқару орталығының қызметкерлері Қызылорда қаласы А.Байтұрсынов көшесімен Қорқыт ата көшесі қиылыстарында жол ережесін өрескел бұзып жүрген мопед жүргізушісін байқап, оған бағыт-бағдар беру арқылы патрульдік полиция батальоны қызметкерлерімен тоқтатылып, тексеру барысында жүргізуші полиция қызметкерлерінің талаптарына бағынбай қарсылық білдірген.
Аталған жүргізушіге жол ережесін бұзғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 615 бабы 1 бөлігі (жаяу жүргіншілердің және жол жүрісіне өзгеде қатысушылардың жол жүрісі қағидаларының талаптарын орындамауы) және осы Кодекстің 667 бабы 1 бөлігіне (құқық қорғау органдарының қызметтік міндеттерін атқаруына байланысты заңды өкіміне немесе талабына бағынбау сол сияқты олардың заңды қызметіне кедергі келтіру) сәйкес әкімшілік хаттама ресімделіп, мопед айып тұрағына қойылды», - делінген хабарламада.