Көкшетауда асырап алған ұл баланы өлтіріп, оның мәйітін үйінің алдына көмік тастаған келіншек пен оның шешесі сотталды: екі әйел баланың өлгенін 4 жыл бойы жасырып, ол үшін жәрдемақы алып жүрген, деп хабарлады КТК арнасы.
Былтыр көктемде тасжүрек ана мен тасбауыр әженің екі жастағы бүлдіршінді қатыгездікпен азаптап өлтірген қылмысы әшкере болған. Бес бала асырып алған отбасында бір балақайдың басы жарылып ауруханаға түседі.
Сол кезде қамқоршысы шатасып, ауырған баланың емес, өлген баласының туу туралы куәлігін апарған. Басы жарылған баланың жарақаты оқыс құлағаннан емес, әдейі ұрғаннан болуы мүмкін деп күдіктенген тәртіп сақшылары тексеріс жүргізсе, асырандылардың бірі төрт жыл бұрын көз жұмған.
Оның мүрдесін жер үйдің ауласына көміп тастаған. Ол аз десеңіз, екеуі марқұм баланың құжатымен мемлекеттен төрт жыл бойы жәрдемақы алып жүрген. Қалған үш баланы үнемі ұрып-соғып, қорлағаны да белгілі болды. Сотта әжесі кінәнің бәрін өз мойнына алып 21 жылға сотталса, шешесі 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.
- Кухаль Надежда Васильевна қорытынды сот үкімі бойынша 21 жылға бас бостандығынан айырылсын. Өмір бойына педагогтік қызмет көрсету мен кәмелетке толмаған балалармен жұмыс істеу құқығынан айырылсын. Ал Трофимова 4 жыл 6 ай мерзімінде бас бостандығынан айырылып, кінәсін орта деңгейдегі қылмыстық атқару мекемесінде өтесін, – деп үкім шығарды Ақмола облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот судьясы Дархан Бейісов.