«Балабақша қызметін, соның ішінде тамақтандыруды, тексеру қорытындысы бойынша Алматының білім басқармасына қарасты №166 балабақша меңгерушісіне өз міндетіне немқұрайлы қарағаны үшін сөгіс жарияланды. Аспаз, тамақ сапасын тексеретін мейірбике және тәрбиеші өз міндетін орындауда жауапсыздық танытқаны үшін сөгіс алды», – деп хабарлады Алматының білім басқармасы.
Айта кетейік, алдыңғы аптада балабақша тәрбиеленушілеріне қап-қара болып күйіп кеткен картоп бергенін бір ана байқап қалып, суретке түсіріп алған болатын. "Қара фри жедік" деген балалар осыдан соң өзін жайсыз сезініпті. Ата-аналар балалардың бірі құсып, енді бірінің іші ауырды дейді. Олар балабақша асханасынан күйген тамақтың иісін жиі сезетінін де айтты. Кейбір бала астан бас тартып, үйіне аш қайтып жүрген.
Осыдан соң баласының денсаулығына алаңдаған жұрт шу шығарып, мемлекеттік мекемеде тексеріс басталған-ды. Оның қорытындысын Білім басқармасы жариялаған жоқ. Тек кінәлілердің қандай жаза арқалағанын мәлімдеді. Негізі, қуырылған тағам балабақша мәзірінде мүлдем болмауы тиіс.