Прямая трансляция

Астана

Астана

-2.03°C

Тоқ ішек пен аш ішекті тесіп жіберген: Зерендіде 4 жасар бала 39 магнит жұтып қойған

Жаңа жылдан кейін Зерендінің ауруханасына 39 магнит моншағын жұтып қойған бала түскен, деп хабарлайды paryz.kz.

Тоқ ішек пен аш ішекті тесіп жіберген: Зерендіде 4 жасар бала 39 магнит жұтып қойған
Фото: istockphoto.com

Бала құсып, іші қатты ауырған. Рентген арқылы ішекке бөгде зат түскені байқалған. Анасының айтуынша, 31 желтоқсанда ол ұлының аузынан бірнеше магнит моншағын тауып алған.

Осымен сәбидің жағдайы дұрысталды деп ойлаған. Алайда, бір рет құсқанымен, ата-анасы астан уланған деп ойлаған. Сол үшін де ауруханаға жаңа жылдан кейін жеткізіпті. Балалар хирургі Сәлімжан Жақыпов кішкентай науқастың жағдайы туралы айтып берді. 

«Баланы бірден тексеріп, шұғыл операцияға дайындалу үшін жансақтау бөліміне бағыттадық. Дер кезінде қаралмаған соң бөгде зат тоқ ішек пен аш ішекке шашырап кеткен. Операцияны тәжірибелі дәрігер, бөлімше меңгерушісі Ернар Қожабеков жасады. Мен көмек бердім. Лапороскопиялық тіреуіштің, монитордың көмегімен біз 39 магниттік шарды шығарып алдық. Үш күн ішінде олар ішекті зақымдап, тоқ ішек пен аш ішекті тесіп үлгерген. Бұл операция барысын қиындатты. Сондықтан ол бес сағатқа жуық жасалды. Сонымен қатар, ағзада перитонит шығып, жаралардан ірің ішекке өткен», - дейді хирург.

Оның айтуынша, жарты жыл ішінде мұндай жағдай үшінші рет болып отыр. Осыған дейін 12 және 24 дана магнит жұтқан балалар кездескен екен.