Павлодарлық дәрігер Мұрат Сүлейменов ұшақ бортында шұғыл жағдай кезінде көмек көрсетті. Ол ұшу кезінде есінен танған жолаушы әйелдің есін жиғызып, өмірін сақтап қалған.
Өңірлік денсаулық сақтау басқармасынан хабарлағандай, 29 желтоқсан күні Ташкенттен Астанаға бағыт алған әуе кемесінде бір жолаушының жағдайы күрт нашарлап кеткен.
Бұл уақытта ұшақтың бортында павлодарлық анестезиолог-реаниматолог Мұрат Сүлейменов та болған. Ол есінен танып қалған әйелге дереу медициналық көмек көрсетті. Куәгерлердің айтуынша, ол науқастың жанында бір сағаттай болып, барлық жағдайын жасаған.
— Жолаушының қан қысымы төмендеп кеткен екен, ол біздің сұрақтарымызға жауап бере алмады. Оны ұшақ еденінен жатқызып, аяқтарын 45 градус биіктікке көтердік. Мұндай жағдайда қолға түскен кез келген затты аяқ астына қоюға болады. Біз пластик жәшіктерді пайдаландық. Гипотония кезінде бұл адамға көмектеседі, - дейді Мұрат Сүлейменов.
Экипаждың үйлесімді жұмысы мен Мұрат Сүлейменовтің кәсібилігінің арқасында әйелдің жағдайы айтарлықтай жақсарып, сапарын әрі қарай жеңіл әрі сенімді түрде жалғастыра алған. Мұрат Сүлейменов Павлодар теміржол ауруханасында анестезиолог болып жұмыс істейді. Жоғары біліктілік санатына ие және 28 жылдық еңбек өтілі бар.