Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

«Жүрегі қысып барады»: Жамбыл облысының тұрғыны полицияның арқасында анасын құтқарып қалған (ВИДЕО)

Бүгін, 25 қараша күні таңға жақын анасының жүрегі қысып, өлім мен өмір арасында жатқан жігіт полиция қызметкерлерінің арқасында шешесін құтқарып қалды, деп хабарлайды Paryz.kz.

«Жүрегі қысып барады»: Жамбыл облысының тұрғыны полицияның арқасында анасын құтқарып қалған (ВИДЕО)
фото: видеодан скриншот

Жамбыл облысының полиция департаментінен хабарлағандай, әйелді аман алып қалуға қол ұшын созған қызметкердің аты – Бахтияр Рахметбаев.

«Бахтияр Рахметбаев таңғы сағат 05:40-та аумақты патрульдеу кезінде қарсы бағытта келе жатқан көліктің жарығын тоқтамастан жағып-өшіргенін байқаған. Жүргізуші көмек сұрап тұрғанын бірден түсінген ол көлікке жақындайды. Ішіндегі жігіт «Шұғыл көмек керек, жүрегі қысып барады» деп айтып үлгерген. Рахметбаев болса көлігінің сигналын қосып, жігітті тез арада ауруханаға дейін алып барған», - деп хабарлайды облыстық департаменттің баспасөз қызметі. 

Дереккөзге сүйенсек, рульдегі жігіт Тараз маңындағы елді мекендердің бірінде тұрады. Сол түні анасының жүрек талмасы ұстап, қысылып кеткен. Жедел жәрдем келгенше күте алмайтынын түсінген ол анасын өз көлігіне салып алып, тез арада Таразға қарай бет алған. Қаланың ішін танымайтын жігіт аурухананың қайда екенін білмей қиналған. Полиция патрулінің көлігін көргенде ол бірден көмек сұрап, соның арқасында дәрігерлер анасына ота жасап үлгерген. Қазір әйелдің денсаулығы жақсы.