Алматы облысы Талғар қаласында түнгі уақытта төбелес болып, салдарынан бір адам мерт болды. Полиция кісі өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады.
Алматы облысы Полиция департаментінің мәліметіне сәйкес, Талғар қаласында 4 қазанға қараған түні жас жігіттер арасында жанжал туындаған. Кикілжің қарулы қақтығысқа ұласып, салдарынан екі жігіт аудандық ауруханаға жеткізілді. Олардың бірі алған жарақатынан жансақтау бөлімінде қайтыс болды.
– Кісі өлтіру фактісі бойынша полиция қылмыстық іс қозғады. Оқиғаның барлық қатысушысы ұсталды және уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта істің барлық мән-жайының толықтығын, жан-жақтылығын және объективтілігін қамтамасыз ету үшін қажетті тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр. Қылмыстық істі тергеу облыстық полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында болады, - деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметі.
Сондай-ақ облыстық ПД тергеу мүддесі үшін өзге де ақпарат жариялауға жатпайтынын ескертті.