Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданында бір топ ер адам 19 жасар қызды зорлаған. Әлеуметтік желіде тараған ақпаратты Azattyq Rýhy редакциясына СҚО полиция департаменті растады.
Egov.press Telegram арнасының жазуынша, қыздың арызынан кейін аудандық полиция қызметкерлері оны күдіктімен бірге бір көлікке отырғызып, сараптама жасауға алып барған.
«Тіпті, жәбір көруші мен зорлық көрсеткен ер адамды полиция қызметкерлері дүкенге кіргенде, көліктің ішінде оңаша қалдырған. Сол сәтте қылмыс жасаған ер адам қыздан кешірім сұраған, себебі, ол отбасылы. Күдіктілер белгісіз себептермен әлі қамауға алынбаған», - деп жазды арна.
СҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі ақпаратқа түсініктеме берді.
«Аталған факт бойынша ҚР ҚК 120-бабының 1-бөлігі «зорлау» бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Қажетті сараптамалар тағайындалды, олардың нәтижелері бойынша түпкілікті процестік шешім қабылданады», - деп хабарлады полиция. Өзге ақпарат ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес жария етілмейді.