Прямая трансляция

Астана

Астана

0°C

«Ұлым енді спортқа қатыса алмайды»: Алматы облысында ашулы әке көрші баланы ұрып, аяғын сындырды

Алматы облысында сегіз жастағы көрші баланың денесін көгертіп, аяғын сындырған ер адам ұсталды. Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Paryz.kz Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап.

«Ұлым енді спортқа қатыса алмайды»: Алматы облысында ашулы әке көрші баланы ұрып, аяғын сындырды
фото: видеодан скриншот

Тұрғын үйдің ауласында болған оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде жарияланды. Зардап шеккен баланың анасы полицияға шағымданып, оқиғаның мән-жайын баяндаған.

«17 шілде күні сағат алты-жеті аралығында менің 8 жастағы ұлым аулада ойнап жүрген. Ойнап жүріп көрші баламен ерегісіп қалады. Сол көрші баланың әкесі келіп баламды аяусыз, қатыгездікпен басынан 2-3 рет ұрып соққыға жығады. Ұлым алған соққыдан басы айналып құлап, орнынан тұрған сәтте, сол аяғынан самокатпен ұрады. Көшеде өтіп бара жатқан адамдар ұлыма жақтасып, аман алып қалды. Сол жерде баласымен өтіп бара жатқан ана баламды агрессиямен, ұрып-қорқытып, айқайлап жатқанын ер адамды көріп видеоға түсіріп, ұлымды үйге жетектеп алып келді. Алынған соққыдан баламның аяғы сынды. Денесі көгеріп, қол аяқтары сырылған. Қатты күйзеліске ұшырады», - дейді әйел.

Еңгезердей ер адамнан таяқ жеген кішкентай бала еркін күрестен Қазақстан турнирлерінің чемпионы екен.

«Бапкеріміздің үміт артқан спортшысы. Тізе сынғандықтан, енді спортқа бара алмайды. Баламның болашағын, қаншама тер төккен еңбегін тартып алды», - деп уайымдайды ана.

Қарасай ауданының полициясы жедел-іздестіру шаралары кезінде "Асыл арман" тұрғын үй кешенінің ауласында баланы соққыға жыққан ер адамды ұстаған.

«Қазір денсаулыққа қасақана зиян келтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті – 30 жастағы жергілікті тұрғын, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр», - деп мәлімдеді Алматы облысының полиция департаменті.