Заңгер Ләззат Рақышева facebook-тегі парақшасында 12 жастағы қыздың жыныстық зорлық көргенін жазды. Сонымен қатар, дәлел ретінде скрин жариялай отырып, күдіктінің қыз балаға қысым көрсеткенін, «целкаңды қайтарып беремін» деген анайы ұсыныс жасағанын хабарлады, деп жазады Paryz.kz Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап.
«Бас прокуратураның назарына, елімізде заңдылық неге қадағаланбайды? Қыз бала біздің «Оne-Stop-Service» жобамызға жолығып, 12 жасында жыныстық зорлық көргенін айтты. Шымкент қаласы әл-Фараби ауданының полиция қызметкерлері қылмыстық істі екі мәрте қысқартып тастаған. Тергеуші қыз баланың зорлықшымен сөйлескен әңгімесін кетіріп тастаған, яғни іс бойынша дәлелдің көзін жойып отыр. Шамасы, қызметтік міндеттен бұрын зорлықшыға көмектесу маңыздырақ болды-ау. Жуырда тікелей эфирге шығып, осы іс туралы егжей-тегжейлі айтып береміз», - деп жазды ол.
Заңгер атағандай, олар полиция қызметкерлерінің құқық бұзушылықтары бойынша үнемі жазады, бірақ, ешкім құлақ аспаған.
«Біз көп істе Түркістан облысы мен Шымкент қаласының полиция қызметкерлерінің тарапынан жасалған құқық бұзушылықтармен бетпе-бет келіп, шағым айтамыз. Көптеген дерек, кәмелет жасына толмағандардың арыз-шағымдарына қатысты хат жазып, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат бойынша Ұлттық комиссияға, балалар омбудсменіне, одан әрі Бас прокуратураға жолдадық. Жуырда ғана Бас прокуратурадан хабарласты. Олар полиция қызметкерлерінің әрекетсіздігін шешіп, әділдік орнатудың орнына «не себепті шулатып, жан-жаққа хат жазасыз?» деп бізге шүйлігіп отыр», - дейді ол.
Агенттік осы мәселе бойынша адвокаттардың тікелей эфирін көріп, құзырлы органдардан қосымша ақпарат сұратады.