Прямая трансляция

Астана

Астана

-3.03°C

Бұрынғы әйелін қылғындырып өлтірген ақтөбелік азамат 11 жылға сотталды

Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Нұржан Хайруллаевқа үкім шықты. Ол бұрынғы әйелін қылғындырып өлтіріп, оқиға орнынан бой тасалаған, деп хабарлады paryz.kz. 

Бұрынғы әйелін қылғындырып өлтірген ақтөбелік азамат 11 жылға сотталды
Фото: Kazinform

Қылмыстық оқиға биыл 31 қаңтардан 1 ақпанға қараған түні болды. Іс материалына сүйенсек, сотталушы ажырасқан соң бала-шағасымен Ақтөбе облысы Темір ауданы Шұбарши ауылында тұратын бұрынғы әйеліне барған. Оны ұрыс кезінде қылғындырып өлтіріп тастаған. 

Бүгін Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында үкім оқылды. 

– Нұржан Хайруллаев Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған 11 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Жазасын қылмыстық атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесінде өтеу белгіленсін. Жәбірленушінің талап арызы ішінара қанағаттандырылсын. Хайруллаевтан Сағымбаеваның пайдасына 318 062 теңге материалдық шығын, заңгердің көмегіне 500 мың теңге өндірілсін. Хайруллаевтан Сағымбаеваның пайдасына 20 млн теңге моральдық зиян өндірілсін, - деді судья Алтынбек Сабыров. 

Айта кетейік, сот үкімімен жәбірленуші тарап келіспеді. Олар апелляциялық шағым түсірмек. 

– 11 жылды аз деп есептейміз. Сіңлім Айбану бар болғаны 26 жаста, өрімдей қыз еді. Артында екі қыз, бір ұлы қалды. Әрі қарай арызданамыз. Әкелік құқығынан айыруға арыз түсіреміз. Балаларын өмір бойы көрмесін. Қазір 6, 5, 3 жастағы балалары менің қолымда. Түнімен жылап шығады, іздейді. «Мамам қайда, неге келмей жатыр» деп жылайды. Кеше екінші қызының туған күні болды. Туған күніне келеді деп күтіп жүрген. «Неге келмеді» деп жылайды. «Аспаннан қарап тұр мамаң» дейміз. «Неге көрінбейді» деп айтады. Келеді деп те, келмейді деп те айта алмаймыз. Балалардың жағдайы өте қиын, - деді Сәуле Сағымбаев.