Шығыс Қазақстан облысының Алтай ауданына қарасты ауылда қасқыр үйге кіріп кетіп, адамды талаған, деп хабарлады Paryz.kz.
Аудан әкімдігінің мәліметінше, оқиға 28 сәуірде болған. Быково ауылында үйге ашық есіктен қасқыр кіріп кеткен. Үйдің иесі оны қуып шықпақ болғанда жыртқыш оның өзін талаған.
Сондай-ақ түз тағысы сырттағы 2 итті де талап, қашып кеткен.
Содан кейін Быково ауылының тұрғындары жиналып, қасқырды іздеп тауып, оның көзін жойды, - деп жазылған хабарламада.
Жыртқыш жалғыз жүрмеуі мүмкін деген қауіпке байланысты 29 сәуірде төменгі Быково ауылындағы 10 бала қашықтан оқыған. Ал жергілікті атқарушы органдар, ветеринарлық және санитарлық-эпидемиологиялық қызмет шұғыл әрекетке кірісті.
Қасқырдан және зардап шеккен тұрғыннан талдау алынып, сараптамаға жіберілді. Бүгінде ауылдағы жағдай тұрақты, балалар штаттық режимде оқып жатыр, - деп жазылған хабарламада.