Шығыс Қазақстан облысы Зайсан қаласында екі жігіт көшеде есігі жоқ көлікпен жүрген, деп хабарлады Paryz.kz.
ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, оқиға Зайсан ауданының орталығында болған. Полиция қызметкерлері бірде-бір есігі жоқ көлікті айдап келе жатқан ер адамды жауапқа тартты. Жол жүрісі қағидаларын бұзу сәті кездейсоқ өтіп бара жатқан адамдардың бейнеролигіне түсіп, кейіннен ғаламтор желісінде кеңінен тараған.
«Зайсан қаласы көшелерінің біріндегі жастар алдыңғы және артқы есіктері жоқ көлікпен жүріп, өздері үшін де, айналасындағылар үшін де қауіпті жағдай туғызған. Осылайша, көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзған 20 жастағы жүргізуші анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды», - делінген ақпаратта.
Осы ретте, полиция қызметкерлері жол қозғалысының барлық қатысушыларын жол жүрісі қағидаларын қатаң сақтауға шақырады.