Бейнеу ауылында жер үйде газ жарылып, бір адам қаза тапты, деп хабарлайды Paryz.kz жергілікті Lada.kz сайтына сілтеме жасай отырып.
«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ның баспасөз қызметі хабарлағандай, оқиға 3 сәуір күні болған.
«Бейнеу ауылында газ жарылып, жер үй толықтай қирап қалған. Жарақат алған тұрғын ауруханада көз жұмды. Оқиға туралы «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ның апатты-диспетчерлік қызметіне төтенше жағдайлар қызметі хабарлады. Оқиға орнына келген апатты-құтқару қызметінің мамандары жер үйдің газ пеші қолдан жасалғанын анықады», - деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі.
Оқиға туралы Бейнеу ауданының әкімдігі мен жергілікті полиция хабардар. Алдын ала болжам бойынша, пештен газ шығып, жарылыс болған.
«Бұған дейін мамандар қолдан жасалған пештің қауіпті екенін ескерткен, алайда, үйдің иесі ескертуге мән бермеген. Қайғылы оқиғаның себебі сараптамадан кейін белгілі болады», - деп хабарланған компанияның ақпаратында.