Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

Таразда полициядан қысым көрген жігіт өзін өртеп жіберді

Досжанның айтуынша, жергілікті полиция қызметкерлері өзін қамауға алып, кінәні мойнына алуды талап еткен көрінеді.

Таразда полициядан қысым көрген жігіт өзін өртеп жіберді
фото: видеодан скриншот

Жамбыл облысында ер адам полицияның қысымына байланысты өзін-өзі өртеп жіберді. Жәбірленушінің туыстарының айтуынша, бұл оқиғаға полиция қызметкерлері кінәлі. Тәртіп сақшылары оған қылмыстық әрекетті "іліп жібергісі" келген көрінеді. Күдікті бұған жауап ретінде осындай қадамға баруға мәжбүр болған, деп хабарлады paryz.kz, Almaty телеарнасына сілтеме жасап.

"Олар мені ұрып, тұншықтырып өлтіре жаздады. Кез келген жағдайда маған қылмыстық іс іліп қоюы мүмкін екенін білдім. Сондықтан өзімді өртедім", - дейді жәбірленуші Досжан Жарылқасын.

Оқиға Тараз маңындағы "Шалғай Қарасу" елді мекенінде болды. Онда 5 бас мал ұрланған. Досжанның айтуынша, жергілікті полиция қызметкерлері өзін қамауға алып, кінәні мойнына алуды талап еткен көрінеді.

"Мен сыртқа шыққанда екі адам ағамды бір жерге шық деп шақырып жатқанын естідім. Ағам ешқайда бармаймын деп қарсыласты. Кешегідей тағы ұрасың деп жатты. Олар сотталатынын айтып қорқытты", - деді Досжан Жарылқасынның ағасы Жасұлан Жақып.

"Біз сені бәрібір түрмеге жабамыз деді. Ағам ашу үстінде оттықты алып, өзін-өзі өртеп жіберді. Олар оны қатты қысып жіберді", - деді жәбірленушінің көршісі Ринат Тәжімов.

Досжан Жарылқасын денесі күйіп, ауруханаға түсті. Қазір оның өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.

"Біз оны жақын уақытта шығарамыз. Ол бізге түскен кезде денесі 12 пайыз күйген. Уақытылы емделудің көмегімен қалпына келді", - деді Орталық қалалық аурухананың бөлім меңгерушісі Әбілсейіт Сыдықов.

Полиция департаментінің хабарлауынша, күдіктінің бірнеше рет қылмыстық істерге қатысы болған. Ол екі рет мал ұрлағаны үшін, төрт рет қалта ұрлығы үшін ұсталды. Бірақ Досжанның өткеніне қарамастан, жігітке қысым көрсеткен қызметкерлер жауапкершіліктен босатылмайды. Қазір полицияға қатысты тергеу басталды.

"Жамбыл облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті полиция қызметкерлеріне қатысты Қылмыстық кодекстің 146-бабы, 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу бастады. Ішкі қауіпсіздік басқармасы азаматтың өз-өзіне қол жұмсау фактісі бойынша қызметтік тергеу жүргізуде", - деді облыстық ДП баспасөз хатшысы Гүлсара Мұхтарқұлова.