Астана тұрғыны Жаңа жылдың алғашқы күнін тұрғын үй кешеніндегі лифтіні ластаумен бастаған, деп хабарлайды Paryz.kz.
Оның әрекеттері бейнебақылау камерасының объективіне түсіп қалған. Видеоны Astanovka98 Telegram-арнасы жариялады.
«Оқиға Жирентаев көшесіндегі «Аурика» тұрғын үй кешенінде болды. Жаңа жылдың алғашқы күнінде астаналық тұрғын тап-таза лифтіге кіріп (лифт 2023 жылдың мамырында орнатылған), оны талқандап тастаған. Лифт есігін бірнеше рет теуіп, кабинаны ұрып, дисплейді тырнаған. Ол аздай, айналасына түкіріп тастаған», – делінген әлеуметтік желіде жарияланған видеоның жазбасында.
Астана қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі тәртіп сақшылары Жирентаев көшесіндегі тұрғын үй кешенінің лифтіне кірген әйелді анықтағанын хабарлайды. Алматы аудандық полиция басқармасының полицейлері бейнебақылау камерасының объективіне анық түсіп қалған Астана тұрғыны кабинаны тепкілеп, түкіріп, лифт қабырғаларын тырнағаны үшін жазаланатынын айтты.
«Ол елорданың 33 жастағы тұрғыны болып шықты, уақытша ұстау бөлмесіне орналастырылды», - делінген хабарламада.
Осы факт бойынша ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің екі бабы бойынша әкімшілік іс қозғалды – 434-2, 1-бөлігі, «жалпы пайдалану орындарын ластау» (осы баптың санкциясы 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлеуді көздейді – 18 460 теңге) және 434, 1-бөлігі, «ұсақ бұзақылық» (20 АЕК мөлшерінде айыппұл - 73 840 теңге немесе 15 тәулікке дейін қамауға алу). Шешім қабылдау үшін материалдар Астананың әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жіберілді.
Полиция азаматтарды қоғамдық тәртіпті сақтауға және қала мүлкіне ұқыпты қарауға шақырады. Сонымен қатар мұндай фактілерді анықтаған кезде «102» арнасына хабарласу қажеттігін еске салды.