Прямая трансляция

Астана

Астана

-10.03°C

Елордадағы «Okadzaki» мейрамханасында 37 адам тамақтан уланды

Елордада «Okadzaki» қоғамдық тамақтану нысандарының бірінде жаппай тағамнан улану жағдайы тіркелді. Бұл туралы Астана қаласының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мәлім етті, деп хабарлайды Paryz.kz. 

Елордадағы «Okadzaki» мейрамханасында 37 адам тамақтан уланды
Фото: inbusiness.kz

Бастапқыда әлеуметтік желілерде «Okadzaki» мейрамханасынан тамақтанып, уландық деген жазбалар жариялана бастады.

«Алғашқы екі күн қатты ауырдым және жаңажылдық іс-шараларға қатысқандықтан, вирус жұқтырған шығармын деп ойладым. Дене қызуы, әлсіздік, 5 күн тоқтамастан диарея болды. Жедел жәрдем қызметін шақырғанда, олар «инфекциялық улану» диагнозын қойды. Соның алдында «Okadzaki» мейрамханасына суши жеуге барғанбыз. Менімен бірге мейрамханаға барған тағы екі құрбымда улану белгілері байқалды. Біреуі жұқпалы аурулар орталығына барып қаралды. Ондағы дәрігерлер де тамақтан уланып түскен пациенттер көп екенін айтқан», - дейді зардап шегушілердің бірі Әмина Сұлтанғазы.

Бұл мәселе жөнінде Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті пікір білдірді.

«Okadzaki» мейрамханасындағы улану жағдайы желтоқсанда орын алды, ол бойынша қазіргі уақытта эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізілуде. Бүгінгі күні зардап шеккендердің саны 37 адамды құрады. Өтініш берушінің шағымы негізінде жоспардан тыс тексеру жүргізілуде», - делінген хабарламада.

Еске сала кетсек, 2022 жылы да «Okadzaki» қоғамдық тамақтандыру нысандарында 90-нан астам адам уланған еді. Аталған нысандарға қатысты полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады және сот 1 110 900 теңге көлемінде айыппұл салды. Бір объектінің қызметі тоқтатылды.

 «Қазір «Okadzaki» мейрамханасында жоспардан тыс тексеру жүргізілуде. Сондай-ақ, Есіл ауданының полиция басқармасы сотқа дейінгі тергеуді тіркеді. Қылмыстық іс қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілерінің болмауына байланысты тоқтатылған жағдайда, департамент 425-баптың 2-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама жасайды және шешім қабылдау үшін сотқа жолдайды», - дейді департамент.