Алматыда жоғалып кеткеніне он шақты күн болған ер адамның денесі Талғар өзенінен табылды, деп хабарлайды Paryz.kz.
Қалалық полиция департаментінен мәлім еткендей, ер адам 29 қарашада үйінен шығып кетіп, қайтып оралмаған.
«Жедел іздестіру іс-шаралары барысында үйінен шығып кетіп, сол күйі із-түзсіз жоғалған 1989 жылғы Тимур Поповтың мәйіті табылды. Құрылған жедел-іздестіру тобы жедел түрде Т. Попов азаматтың жүру бағытын анықтады: ол таксимен Талғар қаласына барған.
Бүгін, 7 желтоқсанда сағат 11:00-де полиция қызметкерлері жоғалған азаматтың әйеліне телефон арқылы «SOS» дабылын жіберген жерінен 1,5 шақырым жерде орналасқан Талғар өзенінің арнасына тексеру жүргізді. Іздеу нәтижесінде судан жоғалған ер адамның денесі табылды», - делінген ПД хабарламасында.
Қазіргі кезде адам өлімінің нақты себебін анықтау үшін сот-медициналық сараптама тағайындалды.
Оқиғаның басқа да мән-жайлары анықталып жатыр.