Прямая трансляция

Астана

Астана

-4.03°C

«Балаларға алаңдаймыз»: Алматы іргесіндегі ауылда он күнде 20-дан астам үй тоналған

Алматы облысы Қызылқайрат ауылында екі аптаның ішінде 20-ға жуық үй тоналды. Осылай деген ауылдағы ағайын түнгі уақытта көше күзетіп, кезек-кезек рейдке шығып жүр, деп хабарлайды Paryz.kz агенттігі Almaty телеарнасына сілтеме жасап.

«Балаларға алаңдаймыз»: Алматы іргесіндегі ауылда он күнде 20-дан астам үй тоналған
Фото: видеодан скриншот

Дүйім ел үй тонаушылардың ұл-қызымызды зорлап немес өлтіріп кетпесіне кім кепіл деп алаңдап отыр. Жұрттың айтуынша, олардың іш киімін ақтарып, ерсі әрекетке барғанына қарағанда, күдіктілердің психологиялық ауытқуы болуы мүмкін.

«Екі бірдей сауып отырған сиырымды ұрлап кетіп, төмен жаққа апарып басын кесіп, ішек-қарнын ақтарып тастаған. Газ қостырамыз деп тірнектеп жинаған 950 мың теңге, алтын бұйымдарымды тонап кетті. Полицияға айттық, әзірге еш нәтиже жоқ», – дейді тағы бір тұрғыны Кемелхан Мұхамеджан.

Ұры-қары көбейді деген халық бір айдан бері көшені күзетіп келеді.

«Қорқып қалдық. Жігіттер 4-5 күн болды, сағат 20:00-03:00 аралығында рейдке шығып жүр. Алдыңғы күні 2, сосын 3 үйді тонап кетті. Кеше рейдте жүрсек, сағат 21:00 шамасында тағы бір үйге ұрлыққа түскен», – дейді тағы бір тұрғын Ербол Жамбы.

«Он күн ішінде 3 ұрлық жасалды. Бәрі тіркеліп тұр. Тергеу амалын жүргізіп, іздеп жатырмыз. Негізі, ұрлықты күндіз жасап жатыр», – деді Талғар аудандық полиция басқармасының бастығы Рүстем Жарықбасов.

«Араға күн салып, ұры-қарыға жем болдық» деген жұрт жергілікті әкімдіктің де жұмысына наразы. Өйткені жарығы жоқ, жолдары жасалмаған қараңғы ауыл қарақшыларға қолайлы болып тұрғанын айтты.

«Халық сенімін ақтау үшін жұмыс істеп жүрмін. Бір айдың ішінде 10-нан аса баспанаға ұрлық түскен. Бүгін-ертең бәрін шешіп, жарық қоямын деп айта алмаймын, арнайы процедурасы бар, – деді Алатау ауылдық округінің әкімі Азамат Сейітов.

Қызылқайратта қазір 8 мыңнан аса адам тұрады. Тұрғындар мәселе шешілмесе, облыс әкіміне баруға дайын.