Атырау облысының Индер ауданында биыл төртінші адам өз-өзіне қол жұмсады. Ол дарға асылып, қайтыс болды.
AtyrauPress-тің хабарлауынша, марқұм 30 жаста болған. Оның мұндай қадамға не үшін барғаны әзірге белгісіз.
Облыста бұған дейін жыл басынан бері 38 бала өз-өзіне қол жұмсағысы келген. Өкішітісі сол, 9 балаға жақындары дер кезінде қол ұшын бере алмаған. Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевтің айтуынша, соңғы кездері Атырау облысында өз-өзіне қол жұмсауға ұмтылған балалар көбейіп жатыр. Көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда 2 есе өскен. Биылдың өзінде 38 бала өзіне қол жұмсамақ болған. Қайғымен аяқталған соңғы екі оқиғада 14 жастағы қыз бен 15 жастағы ұл ата-анасына ренжіп, биіктен секіріп кеткен. Бірі көпқабатты үйден, екіншісі көпірден құлаған. Талдау көрсеткендей, көз жұмған балалардың басым көпшілігі жағдайы жақсы отбасылардан шыққан.
Алайда біздің жүргізген зертеулерге сәйкес, мұндай әрекетке ата-анасымен, кейде достарымен сөзге келіспей қалған, өтпелі кезеңде жүрген балалар бейім екен. Жақында білім басқармасы жанынан жасөспірімдерді психологиялық қолдау орталығын ашамыз. Онда эмоционалдық тұрақсыздыққа тап болған балаларға әдістемелік қолдау көрсетіледі, арнайы call-center іске қосылады, – деді ол.
Сондай-ақ 3 қарашада түнгі мезгілде көпірден секіріп кеткен жасөспірім әлі табылмай жатыр. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің хабаралуынша, қазір 8 құтқарушы екі қайықпен іздестіруде.
Жалпы, соңғы кезде елімізде жыл сайын 200-дей жасөспірімнің өз-өзіне қол жұмсайтыны анықталып отыр.