Прямая трансляция

Астана

Астана

18°C

«Жарылыстың болғанын басшылық жасырып отыр»: Жамбылда цемент зауытында 2 адам қайтыс болды

Жамбылда цемент зауытындағы жарылыстан 2 адам қайтыс болды. Тағы үшеуі ауруханаға түскен. Талас ауданындағы өндірістегі оқиға осыдан бір жарым ай бұрын болыпты.

«Жарылыстың болғанын басшылық жасырып отыр»: Жамбылда цемент зауытында 2 адам қайтыс болды
Фото: astanatv.kz

Алайда ол апатты кәсіпорын басшылығы жасырып отыр дейді зардап шеккендер. Бұл туралы Paryz.kz Астана арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Талас ауданындағы цемент зауытындағы жарылыс 21-ші қыркүйекте орын алыпты. Пештен ақау шыққан. Түнгі ауысымға келген жұмысшының 5-і ауруханаға жеткізілген. Оның екеуінің денесін 100 пайыз күйік шалып, ертесіне қайтыс болыпты. Зардап шеккендер қауіпсіздік шарасы мүлдем сақталмайтынын айтады. Бұл бірінші оқиға емес көрінеді.

 «Түнгі ауысымға барғанбыз. Пештің ахуалына байланысты әдеттегідей басталмады. Мастерден сұрағанымда пеш өткендегідей бұзылып тұр деді. Бұл пештің бірінші жарылуы емес, бірнеше рет жарылды. Қауіпсіздік шаралары қаралмаған. Ешқандай форма берілмейді, ауруханаға бармаңдар, тіркелмеңдер, емді үйде қабылдаңдар. Жазылғанша демала тұрыңдар деді. Бәрі көз алдымда болды. Мені шығара алмады өйткені мен өте ауыр халде болдым», - дейді Қаратау қаласының тұрғыны Елдос Жолдыбаев.

Ал өндіріс басшысы бұл біздегі бірінші жағдай деп отыр. Бейнебақылауға түскен таспаны сұраған тілшілерге мүлде істемейді деп жауап берді.

 «Ондай болған емес. Апат деп атамаймыз кішігірім бұзылыстар болады. Өнідіріс болған соң. Одан бірақ адам зардап шеккен емес. Бейнекамера істемейді деді ол кезде. Вообще істемейді бізде. Негізі бізде әлі күнге дейін істемейді», - деді өндіріс басшысы Ербол Шалабаев.

Алайда апаттан зардап шеккендер түсіріп алған видеосын жолдаған. Бір айға жуық тексерістен кейін еңбек инспекциясы жұмысшыларды кінәлі қылып шешім шығарған. Сөйтсе күйік шалған үш адамның бірі өзіне тиесілі орында болмаған дейді. Ал екеуінің ауруханаға тіркелмегені себеп екен.

Қазір аталаған дерек бойынша Талас аудандық полиция бөлімімен ҚР ҚК 156 бабы, 4-ші бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды. Қажетті сот сараптамасы тағайындалды. Зардап шеккендер үнімізді Үкіметтегілер естісе дейді.