Прямая трансляция

Астана

Астана

-9.03°C

Әулиекөлде әйел бастаған барымташылар бір үйір жылқыны қуып кеткен

Күдіктілердің бірі жайылып жүрген малды арнайы орынға айдап апарған, ал қалғандары оларды бауыздап отырған...

Әулиекөлде әйел бастаған барымташылар бір үйір жылқыны қуып кеткен
фото: argymaq.kz

Қостанай облысының Әулиекөл ауданында 8 жылқы мен 4 сиырды айдап әкеткен ұрылар тобы қолға түсті, деп хабарлады paryz.kz, Alau.kz-ке сілтеме жасап.

Бірнеше адамның малын ұрлаған күдіктілерді Әулиекөл ауданының полицейлері ұстады. Аудандық полиция бөліміне өткен жылдың тамыз айынан бастап тұрғындардан мал ұрлығы туралы арыз түсе бастаған. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бір үйір жылқы мен ірі қара мал жеке шаруашылықтардың аумағынан жоғалып кеткен.

Әулиекөл аудандық полиция бөлімінің бастығы Жансерік Хасанов айтқандай, жедел уәкілдер Новонежин ауылында тұратын 46 жастағы әйел бастаған қылмыстық топты анықтаған. Оның құрамында тағы 4 адам болған.

"46 жастағы әйел ұрлықтың схемасын жасаған. Алдымен «Ваз-2107» автокөлігі арқылы ауылдарды аралап, шаруашылықтағы малдарды бақылап алады. Кейін күдіктілердің бірі жайылып жүрген малды арнайы орынға айдап апарған, ал қалғандары оларды бауыздап отырған. Полиция қызметкерлері Шилі, Первомай және Диев ауылдарынан ұрланған малдың аман қалғанын жәбірленушілерге қайтарды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр", - дейді полицияның баспасөз хатшысы Ирина Беженарь.

Қазір ұрылардың үстінен ҚР ҚК-нің 188-бабы бойынша іс қозғалды. Олардың кінәсі дәлелденсе, 5 жылдан 10 жылға дейін сотталуы мүмкін.