Абай облысында бала күтушінің қарауында қалған 4 жасар бүлдіршін өлі табылды. Оның денесін бала күтушінің күйеуі тасжол бойында тұрған әжетханаға лақтырып тастаған, деп хабарлайды Paryz.kz Azattyq Ruhy-на сілтеме жасап.
Қоғам белсенді Дина Таңсәрінің жазуынша, Семей тұрғыны бала күтушісіне қалдырып кеткен баласын оның үйінен таба алмаған. Күтуші әйелге бүлдіршінді құрбысымен ертіп жібергенін айтып ақталады. Алайда көп ұзамай қорқынышты шындықтың беті ашылған.
«Анықталғандай, белгісіз себептермен қайтыс болған баланың денесін күтушінің күйеуі спорттық сөмкеге салып, тасжол бойындағы әжетханаға лақтырып тастаған. Оқиға қыркүйектің басында болған», - деп жазады Дина Таңсәрі.
Күтуші баланың талмасы ұстап, артынша көз жұмғанын айтқан. Шошып кеткен ерлі-зайыптылар жауапкершіліктен қашу үшін денеден құтылғанды жөн көрген-міс.
Аталған оқиғаға қатысты пікір білдірген Абай облыстық полиция департаменті қазіргі кезде тергеу басқармасы бүлдіршіннің қайтыс болу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын бастағанын мәлімдеді.
«Күдікті ұсталды, оған қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Қылмыстық іс бойынша бірқатар сот-медициналық сараптамалар тағайындалды, болған оқиғаның барлық мән-жайларын анықтауға бағытталған тергеу-жедел іс-шаралар кешені жүргізілуде», - делінген хабарламада.
Қылмыстық істі тергеу Абай облысы полиция департаменті мен прокуратура басшылығының ерекше бақылауына алынды.
«Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексерудің өзге деректері жария етілуге жатпайды», - делінген ПД хабарламасында.