Тау-кен шебері мен машинистің көмекшісі апат орнынан кетіп үлгерсе, ал машинист ұңғыма түбінен шыға алмай қалған.
Кеше сағат 21.53-те "АрселорМиттал Теміртау" АҚ Көмір департаменті "Ленин атындағы" шахтасының 840 метр тереңдігінде барлау ұңғымасын бұрғылау кезінде метан газы мен көмірдің ұсақ фракциялары бөлінді, деп хабарлады inbusiness.kz.
Бұл күні 3 жұмысшы, атап айтқанда, бұрғылау қондырғысының машинисі, машинистің көмекшісі, сондай-ақ желдету және қауіпсіздік техникасы учаскесінің тау-кен шебері ұңғыма түбінде барлау жұмыстарын жүргізіп жатқан. Тау-кен шебері мен машинистің көмекшісі апат орнынан кетіп үлгерсе, ал машинист ұңғыма түбінен шыға алмай қалған.
"Кәсіпорынның авариялық-құтқару қызметі келгеннен кейін дереу шахтаға түсті. Сағат 23.00-де аэрогазды бақылау аппаратурасының көрсеткіштеріне сәйкес шахтаның тау-кен қазбаларындағы газ жағдайы қалыпқа келді. Авариялық-құтқару қызметінің бөлімшесі ұңғыма түбіндегі тау-кен массасын тазалауда. Зардап шеккен бір адамды іздестіру жұмыстары жалғастырылып жатыр. Іздестіру жұмыстарына шахтаның 17 қызметкері мен авариялық-құтқару қызметінің екі бөлімшесі (16 адам) жұмылдырылды", - деп жазылған министрлік таратқан хабарламада.
Аталған апатты тексеру үшін ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті Қарағанды облысы бойынша департаментінің жанында комиссия құрылған.