Прямая трансляция

Астана

Астана

-8.03°C

Жамбыл облысында бір ауылды түгел су басып қалды

Майтөбеде бұған дейін 1985 және 2000 жылдары дәл осындай сел жүріпті...

Жамбыл облысында бір ауылды түгел су басып қалды
фото: видеодан скриншот

Жамбыл облысында сел жүріп, бүтін бір ауыл су астында қалды. Күннің кенеттен жылынуынан Қаратау жотасындағы қар еріп, оған нөсер жауын мен қатты жел қосылған. Таудан аққан тасқын су екі кештің арасында майтөбеліктердің мазасын кетірді. Ауыл тұрғындары қыс ортасында қора-қопсысыз қалды. Тіпті кейбірінің жағатын отын, көмірлері су астында қалған, деп хабарлады paryz.kz, "31 арнаға" сілтеме жасап. 

Тау жоталарындағы еріген қар суы сай-саламен жүгіріп, кешкі 6-лар шамасында жолдың жиегіне жеткен. Сол сәтте қатты жел тұрып, арты нөсер жауынға ұласады. Ақыры жиылған су жолдан асып, іргедегі Майтөбе ауылына дейін жетеді. Ал ауыл азаматтары жедел төтенше қызметке хабарласқан. Мамандар таудан аққан судың арнасын бұру үшін қосымша арық қазыпты. Алайда ол кезде бәрі де кеш болған.

"Мына қорадағы көміріміз қатып қалды. Су қораға кіріп кетті. Оны түнде күйеуім сағат төрт жарымға дейін шамасы келгенше арық істемек болды. Тоң боп жатыр дейді ғой жер. Содан су сіңбей жатыр", - деді Майтөбе ауылының тұрғыны Салтанат Жолтаева.

Селді тоқтату үшін тұрғындар ауыл ішіндегі арықтарды тазалап, суды ескі арнаға бұрыпты. Ал төтеншеліктер жол үстіне жүк көліктерімен шағыл тас төгіп, арнайы техникалармен жыраларды кеңейткен. Бірақ тасқынның беті қайта қоймаған. Сондықтан бірнеше арық қазылыпты.

"Су деңгейі көп болғандықтан, екінші арық қаздық. Оның екінші жүйесі барады да екінші тау жотасынан келген Амансайдың арығы арқылы көлге кетеді. Ол жақтан ешқандай қауіп жоқ", - деді Берікқара ауылдық округінің әкімі Ербол Смайылов.

Ауыл әкімі елді мекен тұрғындарын қауіп төніп тұрған жоқ деп сендірді. Айтуынша, бұл оқыс оқиға күннің күрт жылынуы мен қатқан тоңның жібімеуі салдарынан болған. Енді мамандар ауылға кіреберістегі арықтарды жалғап, қосымша өткелдер жасамақ.

Майтөбеде бұған дейін 1985 және 2000 жылдары дәл осындай сел жүріпті.