Видео авторы оқиға қаладағы "Сказка" дүкенінде болғанын айтады...
Оралда куәгерлер азық-түлік дүкенінде сатушы мен клиенттің төбелесіп қалған сәтін видеоға түсіріп алды. Ролик әлеуметтік желіде тарады. Полицейлер істің мән-жайын анықтап жатыр, деп хабарлады Tengrinews.kz.
Екі әйелдің төбелескен сәті пабликтердің бірінде пайда болды. Видео авторы оқиға қаладағы "Сказка" дүкенінде болғанын айтады. Полиция департаменті видеоны көргендерін және тексеріс жүріп жатқанын айтты.
"12 қаңтарда сағат шамамен 12-де Гагарин көшесіндегі дүкендердің бірінде 50 жастағы сатып алушы мен сатушы арасында қызмет көрсетуге байланысты дау туған. Содан сатып алушы бейәдеп сөздер айтып, сөрені сындырып жіберген. Оралдың полиция басқармасына сатып алушы мен дүкен әкімшілігінен арыз түскен. Полицейлер жағдайдың мән-жайын анықтап жатыр. Оқиғаға құқықтық баға кейінірек беріледі", - деді БҚО ПД баспасөз қызметі.