Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Бәйдібек би ауылында 17 жастағы жігітті өлтіріп кетті. Оқиғаның мән-жайын Sputnik Қазақстан тілшісі біліп қайтты.
Мәрлен Айдарбеков небәрі 17 жасында қыршынынан қиылды. Осыдан үш күн бұрын түнгі сағат 00:00-ге таман бейтаныс біреу ұялы телефонына хабарласып, үйден шығарып әкеткен.
"Ол төбелесем деп шықпаған үйден. "Барсетка әкеп берші" деген. Ол кім, не үшін барсетка сұрады білмейміз, тергеу жүріп жатыр. Үйде сап-сау жатқан баланы бір сағаттан соң өлді деп хабар келді. Бытыраның оғы тоғыз жерден тиген, ішкі мүшелерін езіп жіберген. Баламызды жерледік, жазықтылардың туыстары шіреніп тұрып кешірім сұрап тұр. Кешіре алмаймыз десек бізді боқтап кетіп бара жатыр", - дейді марқұм жасөспірімнің әпкесі Айгерім Өмірбаева.
Марлен дәл сол күні қылмыстық топтан қашып барып бейтаныс үйдің қақпасынан секіріп түсіп, ішке қарай құлаған.
"Түн ішінде атыстың дауысы шықты. Жүгіріп шықсам бір бала биік қақпадан ішке секіріп түсіп құлады. "Әпке, жедел жәрдем шақыршы" деді. Мен жүгіріп көшеге шықтым, 30 шақты адам көшеде топ болып жүр. Қолдарында неше түрлі қаруы бар. "Біз ауылды ұстаймыз" деп айқайлап барады. Ал қақпадан құлаған бала қайта жүгіріп келсем, өліп кетіпті. Жедел жәрдем келді, бірақ бала ол кезде қайтыс боп кетті", - дейді куәгер Гүлмира Мұсаева.
Марлен Айдарбеков туралы ауылдағы тұрғындар да "алтын бала еді" деп өзектері өртеніп отыр. "Кісі баласымен қақ-соғы жоқ болған соң ажал құшты, тентек болса өзі біреуді өлтірер еді" дейді олар. Бәйдібек би ауылында бұндай бассыздық бұрыннан бар дейді тұрғындар. Ата-ана біткеннің баласын уайымдап дегбірі кеткен. Қарыс-қадам дүкенге жібере алмаймыз дейді олар.
"Бұл бұрыннан келе жатқан тәртіпсіздік. Бұдан бұрын да бір бала өлген. Ал бір бала ұзақ уақыт комада жатты. Бірінен-бірі ақша талап етеді. Отыз жастан бастап ұсақ балаға дейін солай қысым көрсетіледі. Полиция да, әкімдік те жылы жауып қоя салады", - дейді тұрғындар.
Бұл ауылда екі орта мектеп бар. Екі мектептегі араздық талай жылдан бері жалғасып келеді.
"5 тамызда Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Бәйдібек би ауылындағы үйлердің бірінің ауласында зорлықпен өлім белгілері бар 17 жастағы жасөспірімнің мәйіті табылды. Жасөспірімге мылтықпен оқ атып жарақаттан қаза болғаны анықталды. Мылтық ұсталғандардың бірінің әкесіне тиесілі. Қазіргі уақытта 9 күдікті қамалды, бұл факт Қылмыстық кодексінің 99-бабы 9-тармағының 2-бөлігі,14-тармағы бойынша аудандық полицияда тіркелді және сотқа дейінгі тергеу басталды", - деді Алматы облысы ПД бастығы Бауыржан Әленов.
Төбелестен бірнеше жасөспірім пышақ жарақатын алған. Бәйдібек би ауылының тұрғындары жазықтылар жазасын алып, ауылда тыныштық орнамаса мәселені басқаша шешеміз дейді.