Бүгін түнде Жамбыл облысында жүк пойызының вагондары рельстен шығып кетіп, жолаушылар пойызының жүру кестесіне әсер етті, деп хабарлайды "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ ресми сайтында.
Ұлттық компанияның мәліметінше, Жамбыл облысында 17 шілдеде, сағат 01.05-те Түрксіб - Шу учаскесінің Аспара станциясында жүк пойызының вагондары жолдан шығып кеткен. Оқиғадан қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ. ҚТЖ-ның мәліметінше, бұл жағдай жолаушылар пойызының жүру кестесіне әсер еткен.
"Барлық пойыз ауыз сумен қамтамасыз етілген, вагон-мейрамханалар жұмыс істеп тұр", - деп хабардар етті ҚТЖ өкілдері.
ҚТЖ оқиға орнында жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын, оқиғаның себебін анықтау үшін арнайы комиссиясы құрылғанын атап өтті.