Бурабай курортында жантүршігерлік жол апатынан 4 адам көз жұмды, оның ішінде бір бала бар. Бұл туралы Ақмола облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Апат Астана - Петропавл тасжолында болған.
«Toyota Camry 40 автокөлігінің жүргізушісі Бурабай кентіне бұрылған кезде рульді басқара алмай, көлік аударылып кеткен. Салдарынан 30 жастағы көлік жүргізушісі мен жұбайы, 41 жастағы жолаушы және 2009 жылы туған кәмелетке толмаған жасөспірім оқиға орнында көз жұмды», - деді Ақмола облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәр Пинчук.
Қайтыс болған жүргізушінің көлікте бір жасар қызы болған. Оның жағдайы қанағаттанарлық.
Жол апатынан зардап шеккен тағы екі адам ауруханада жатыр.
«Алты жасар жолаушы травматология бөлімінде жатыр. Ал 39 жастағы әйелдің жағдайы ауыр», - дейді Пинчук.
Бұл факті Бурабай ауданының полициясында Қылмыстық кодекстің 345-бабының 4-бөлігі «Абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан жол қозғалысы ережесін бұзу» бойынша тіркеліп, тергеу басталды.