Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

Арыс тұрғыны 40 келілік қошқарды 3555 рет көтеріп, Қазақстан рекордтар кітабына енді

Арыс қаласының тұрғыны Азамат Мақұлбеков қошқар көтеруден жаңа рекорд орнатып, ресми түрде Қазақстан рекордтар кітабына (КИнЭС) енді. Ол салмағы 40 келі қошқарды 5 сағат 26 минутта 3555 рет көтерді, деп хабарлайды Paryz.kz ақпарат агенттігі ҚазАқпаратқа сайтына сілтеме жасап. 

Арыс тұрғыны 40 келілік қошқарды 3555 рет көтеріп, Қазақстан рекордтар кітабына енді
Фото: inform. kz

37 жастағы Азамат Нұрғалиұлы құрылыс саласында қызмет етеді. Спорттың бірнеше түрімен айналысады.

Қошқар көтеру сайысына қызығушылығы 2018 жылдан басталған. Содан бері көптеген жарыстарда жүлделі орындарды иеленген.

Түркістан қаласында өткен шарада білекті жігіт 40 келі болатын қошқарды 5 сағат 26 минутта 3555 рет көтерді.

Бұл - Қазақстан бойынша ең соңғы рекорд.

Жиында Қазақстан рекордтар кітабының (КИнЭС) кейіпкері ретінде Азаматқа арнайы куәлік табысталды.

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев білекті азаматты арнайы қабылдап, жеңісімен құттықтады.

«Қошқар көтеру — қазақтың ұлттық спортының бір түрі. Бұқаралық спорттық сайыстарға қатысып, насихаттап келе жатқаныңыз үшін алғыс білдіреміз. Бұл — еңбекпен әрі тыңғылықты дайындықпен келетін жетістік. Осы бағытта әлі де облысымызды танытуға атсалысасыз деген сеніміміз мол», — дейді Бейсен Тәжібаев.

Алдағы уақытта балуан әлемдік деңгейдегі сайыстарда бақ сынамақ.

Шетелдерде өтетін алыптар сайысына қатысып, 5 мың рет муляж көтеру арқылы халықаралық деңгейде Гиннес рекордтар кітабына жоспарлап отыр.