Астанада полицейлер көпқабатты үйдің терезесінен секіргелі тұрған ер адамды құтқарып қалды, деп хабарлады Paryz.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, оқиға Рысқұлбеков көшесінде болған. Полицияның «102» арнасына әйел хабарласып, өзінің 45 жастағы жұбайы 6-қабаттан секіремін деп қорқытып жатқанын айтқан. Шақырту орнына патрульдік полицейлер Әділет Далабаев пен Нұрғазы Марат барды. Қызметкердің бірі төменде қалып, ер адаммен диалог жүргізіп, райынан қайтаруға тырысқан. Ал екінші қызметкер пәтерге кіріп, ер адамды ұстап алып, тартып кіргізген.
Ер адамға психологиялық көмек көрсетілді. Тұрғынды мұндай әрекетке не итермелегенін полицейлер анықтап жатыр.