Ақмола облысында 33 жастағы әйел шетінеп туған баласын пешке өртеп жіберген. Полицейлер сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын бастады, деп хабарлады ҚР ІІМ.
Оқиға Макинск қаласында 24 қаңтар күні болған. Екі күн өткен соң аудандық аурухананың дәрігері медициналық тексеру кезінде әйелдің түсік тастағанын байқаған. Содан дереу полицияға хабарлаған.
Ведомствоның хабарлауынша, келіншек жүктіліктің 24 аптасында үйінде қан кетіп, түсік тастаған. Дүниеге шетінеген бала келген. Тергеу кезінде әйел нәрестенің мәйітін жанып тұрған пешке өртеп жібергенін айтқан.
«Аталған жайт бойынша Қылмыстық кодекстің 100-бабымен (Жаңа туған баланы анасының өлтіруі) сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды», - делінген хабарламада.